Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын күз: Қызылордалық шаруалар 188,5 мың гектар жерге егін екті

Алтын күз: Қызылордалық шаруалар 188,5 мың гектар жерге егін екті

Бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев күзгі егін жинау науқанының қорытындысы туралы брифинг өткізді.

Талғат Дүйсебаевтың сөзінше, сыр диқандары егін даласындағы тынымсыз еңбегінің арқасында биыл егін жинауды жақсы нәтижемен аяқтаған. Атап айтқанда, 188,5 мың гектар жерге егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алынған. Сондай-ақ, биыл тыңайтқыштар мен гербицидтердің бағасы едәуір қымбаттаған. Дегенмен егілген 78,6 мың гектар күріш егісінің 61,4 мың гектары арам шөптерге қарсы гербицидтермен толық өңделіп, 65 мың гектары тыңайтқыштармен толық қореқтендірілген.


«Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары аймақтағы егін шаруашылығы саласының маңызды мәселесі су тапшылығы орын алып келеді. Осыған орай, биыл Сырдария өзеніндегі су тапшылығын алдын алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы қалпына кельтіру жұмыстары жүргізілсе, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 133 дана насос қондырғылары сатып алынды. Су тапшылығын ескере отырып, өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектар күріш алқабы қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін мал азығы дақылдары мен қатар бақша дақылдарының егіс көлемдері 7,3 мың гектарға ұлғайтылды. Жалпы, егістікті артараптандыру бағытындағы дақылдарды ұлғайту шаралары жалғасын табуда. Атап айтсақ, биыл 1945 гектар жүгері, 189 гектар соя, 358 гектар қант құмайы, 3,5 гектар қант қызылшасы егілді.
Қазіргі таңда егін жинау науқаны толық аяқталды. Бидай дақылынан 10,2 мың тонна, жаздық бидайдан 4,2 мың тонна, жаздық арпадан 174 тонна, тарыдан 1 789,2 тонна, дән жүгеріден 3 163 тонна, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдарынан 420 мың тоннаға жуық өнім алынды. Сонымен қатар майлы дақыл күнбағыстан 160,8 тонна, соядан 516,3 тонна, мақсарыдан 5 122 тонна өнім жиналды. Мал азығына 278,8 мың тонна шөп дайындалып, жаңа жоңышқадан 22,7 мың тонна, қант құмайынан 1,6 мың тонна өнім алынды» - деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.

Сонымен қатар, мемлекеттің қолдауының арқасында мал басы тұрақты өсті. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді іра қара – 7,8 пайызға, қой мен ешкі – 4,3 пайызға, жылқы – 16,7 пайызға, түйе – 7,1 пайызға, құс – 1,7 пайызға көбейіп, ет өндірісі – 1,9 пайызға, сүт өндірісі – 1,1 пайызға, жұмыртқа өндірісі – 2,4 пайызға артты.

«Өткен аптада "Алтын дән – 2022" ммерекелік шарасы аталып өтті. Шарада үздік жетістікке жеткен 67 озаттар марапатталды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының және барлық аудандардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды», – деді Талғат Дүйсебаев.

Брифинг барысында спикер журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.
kyzylorda-news.kz​​​
17 қазан 2022 ж. 427 0