Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Республика күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Республика күнімен құттықтауы

Қадірлі ағайын!
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл күн - қазақ жұрты үшін ерекше ардақ тұтар мерейлі мереке.
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен 1990 жылы қазан айының 25-і күні «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл сол кезеңдегі еліміздің егемендігі үшін жасалған алғашқы қадам болды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді ұсынды. Осылайша 13 жылдан кейін қайта жаңғырған Ұлттық мереке атап өтілуде.
Республика күні – тәуелсіздігіміздің жаршысы, оған жол ашқан тарихи оқиғаны айғақтаушы күн. Сондықтан да біз үшін бұл мереке егемен ел болып ірге қалауымыздың белгісіне айналған тарихи күнді, ұлттық рухымыздың қайта түлеген сәтін еске салатын ерекше сипатқа ие.
Елдің даму көшінде аралдықтардың да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңіріміздің экономикасы да дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастамалар мен игілікті істер жүйелі жалғасын табуда.
Республика күніне орай облыс орталығында өткен салтанатты шарада екі жерлесіміз «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл ұзақ жылдар бойы ауданымыздың өркендеуі жолында еткен еңбектерінің лайықты бағалануы деп білемін.
Сіздерді Ұлттық мерекемізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халқымызға береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгі болсын!

Ізгі ниетпен, Серік Сермағамбетов,
аудан әкімі
25 қазан 2022 ж. 1 247 0