Биыл 10 мектептің құрылысы басталады

Журналистермен кездесуде басқарма басшысы жоба аясында биыл 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етті.
– Биыл 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады, – деді М.Шермағанбет.
Биыл білім саласына 260 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Алдағы мақсат-міндеттерге тоқталған басқарма басшысы алдағы 3 жылда облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешілетінін айтып, ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтетінін мәлім етті.
– Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады. Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынатын болады, – деді басқарма басшысы.
Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық, биыл 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Бұл облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отыр.Бұл да мемлекеттен балаға жасалып жатқан қамқорлықтың айрықша үлгісі екенін көрсетеді.
«Толқын» ақпарат