Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі танымал қайраткер Имамадин Оңғарбаевты мерейтойымен құттықтады

Облыс әкімі танымал қайраткер Имамадин Оңғарбаевты мерейтойымен құттықтады

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласы және Арал ауданының Құрметті азаматы Имамадин Оңғарбаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады.
Жиында аймақ басшысы Имамадин Зәкірұлының Қызылорда қаласын көркейтуге, инфрақұрылымын дамытуға, шаһар шырайын арттыруға қосқан елеулі еңбегін атап өтіп, мерейтой иесіне ризашылығын білдірді.
«Құрметті Имамадин Зәкірұлы, Сізді ақ пейілді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіз облыс бюджетінің сол кездегі шектеулі мөлшеріне қарамастан, туған жеріне жанашырлықпен қарайтын белді кәсіпкерлерді ортақ іске ұйыстырдыңыз. Қаржы жинап, қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін жолға қоюға күш салдыңыз. Жиналған қаржыны ауыз су мен кәріз жүйесін жаңартуға бағыттап, қалпына келтіру ісінде аянып қалмадыңыз. Жылу трассасындағы ірі құбырлардың бәрі қаптаусыз, ашық күйінде қалған кезеңде шұғыл шешім қабылдадыңыз. Жекенің иелігіне өткен коммуналдық кәсіпорындарды қайтарып алуда табандылық таныттыңыз. Осылайша коммуналдық салада қордаланып қалған мәселелердің тамырына қан жүгірген болатын», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сыр елінің, облыс орталығының өркендеуіне қосқан ерекше үлесі үшін Имамадин Оңғарбаев Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Мерейтой иесін салтанатты шараға арнайы келген облыстың зиялы қауым өкілдері, аймақ дамуына ерен еңбегі сіңген ардақты ағалар құттықтады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі ауданы және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, Жаңақорған, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Бекмырза Еламанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қызылорда қаласы және Жалағаш ауданының құрметті азаматы, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Қылышбай Бисенов, еңбек ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қуанышқали Шапшанов Имамадин Зәкірұлына игі тілек-лебіз білдірді.
Имамадин Оңғарбаев 1953 жылы Арал ауданының Ақбасты ауылында дүниеге келген. 43 жылдық еңбек жолын совхозда қарапайым учаске шебері болып бастап, мұнай саласында бірнеше жыл тер төкті. Облыс әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы еңсе тіктей бастаған кезде басшылық қызметте болып, ұтымды шешім қабылдаған қайраткер қоғам құрметіне кенелді. Оның бастамасымен аймақтағы әлеуметтік нысандар салынды, тұрғын үй құрылысы саласында көптеген жобалар жүзеге асты. Қаланың бас жоспары қайта қаралып, заманауи үлгідегі нысандардың және орталық мешіттің іргетасы қаланды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
23 ақпан 2023 ж. 368 0