Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев 70 жаста

Қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев 70 жаста

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаевты қабылдап, 70 жас мерейтойымен құттықтады. Шараға Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қатысты деп хабарлайды syr-media.kz.
Нәжмадин Түркбенұлы 1950 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Қазақ химия-технологиялық институтын «инженер, құрылысшы-технолог», Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институтын «саясаттанушы» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1971 жылы Қазақ химия-технология институтының кіші ғылыми қызметкері ретінде бастаған. 1979-1983 жылдары «Облремстрой» тресінің Жаңақазалы шаруашылық есептегі құрылыс жөндеу учаскесінің бастығы, «Кызылордаремводстрой» тресінің №64 Қазалы жылжымалы механикаландырылған колоннасының бастығы, 1983-1992 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық халық депутаттары атқару Кеңесінің төрағасы, Қызылорда облыстық халық депутаттары атқару Кеңесі төрағасының орынбасары, 1992-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық экономика басқармасының бастығы, Қазалы және Жаңақорған аудандарының әкімі, 2004-2013 жылдары Арал ауданының әкімі қызметін атқарды. Сонымен қатар, бүгінде «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, басқарма мүшесі қызметінде жұмыс істеп келеді.
Аймақ басшысы мерейтой иесіне облыстың ең жоғарғы наградасы "Құрмет грамотасын" табыстап, сый-сыяпатын көрсетті.
«Қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың: "Оңай көзде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын көзде бел бууға тек ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады" - деген керемет сөзі бар еді. Міне, Нәжмадин ағамыз да еліміздің қиын-қыстау заманында елдің сөзін сөйлеп, кісілігімен қатар кішілігін де танытып, үлкен істерге үлес қосты. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат»,- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Шараға Нәжмадин Түркбенұлын мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыласын білдіру үшін замандас достары мен зиялы қауым өкілдері де арнайы келді. Олардың қатарында «Құрмет» орденінің иегері, Ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, "Сырдария ауданының құрметті азаматы", Қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген экономисті, «Қызылорда қаласының және Жаңақорған ауданының құрметті азаматы», Қоғам қайраткері Қалқазбек Әжібеков пен "Шалқия ЦИНК" АҚ Бас директоры Дамир Кәрімов те болды.
04 ақпан 2020 ж. 1 256 0