Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан жылуын әлемге таратқан Аналар форумы

Жан жылуын әлемге таратқан Аналар форумы

Бүгін 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ана -отбасы шуағы» атты облыстық аналар форумы өтті.

Қоғамдағы ана рөлін арттыруды мақсат еткен форумға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, ардагерлер, білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер мен психолог мамандар, қамқоршылық кеңес төрағалары және белсенді аналар қатысты.

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткізілген шарада ең алдымен кәсіпкер аналардың қолдан жасалған туындылары таныстырылды. Онда қолөнер шеберлерінің бұйымдары, ұлттық нақышта тігілген киімдер көрмеге қойылды.

Тағылымы мол шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, отбасылық және ұлттық құндылықтар дәріптеле түсетін аталмыш форумның маңызына тоқталды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгінде тәрбие бағыттарындағы жұмыстарды күшейту мақсатында кешенді тұжырымдама әзірленді. Осы тұжырымдама аясында бүгін осы облыстық аналар форумы өткізілуде. Бүгінде Сыр елінде де қыз-келіншектер саясатта, бизнесте және шаруашылықтың түрлі саласында ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласуда. Қазіргі таңда өңіріміздегі халық саны – 800 мыңның үстінде болса, оның тең жартысы, 400 мыңнан астамы әйелдер қауымы. Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 40 пайызы, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтердің 78,3 пайызы нәзік жандар. Сол үшін адамзат баласына әйелден құдіретті, анадан ардақты, қыз келіншектерден аяулы ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Шарада облыс әкімінің орынбасары дарынды балаларды тәрбиелеп отырған көп балалы 20 ананы марапаттап, құрмет көрсетті.

Мұнан соң жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова барша Сыр аналарына бейнеқұттықтауын жолдаса, мұқтаж отбасылардың балаларына көмек көрсететін «Розалия және Эмир» аутизм орталығының директоры, қайсар ана Розалия Рахимова сөз сөйледі. Сондай-ақ, балаларын шыңға шығарып, ұрпағымен бірге жетістікке жеткен аналардың атынан Айсұлу Нұрпеисова барша білім жанашырларына алғысын білдірсе, жыршы, термеші Айнұр Ерниязова ұлттық салт-дәстүр мен ата-ананың бала өміріндегі рөлі туралы өз ойымен бөлісті.

Ұл тәрбиесі арқылы жер иесін, қыз тәрбиесі арқылы ұлтты тәриелеп отырған аналардың басын қосқан ауқымды форум соңы концертке ұласты.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
03 наурыз 2023 ж. 314 0