Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы ел азаматтарын Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы ел азаматтарын Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзі Ақорданың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қадірлі қазақстандықтар!

Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, баршамызға ортақ қастерлі мереке. Елін қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Қазақстан армиясы кез келген жағдайда мемлекетімізді қорғауға дайын болуы керек. Қарулы Күштеріміз еліміздің егемендігі мен тұтастығының және халқымыздың мызғымас бірлігі мен жарқын болашағының кепілі болып қала береді.

Бүгінде жауынгерлеріміз батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, ел тыныштығын қырағылықпен күзетіп тұр. Олардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қалтқысыз қызметі – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

Өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, антына адалдық танытып жүрген барлық сарбаздарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Армиямыздың айбыны асқақтай берсін! Еліміздің іргесі әрдайым берік болсын!

Әскери қызметшілерге, ардагерлерге және барша отандастарымызға зор денсаулық, қажымас қайрат пен бақ-береке тілеймін!», делінген Президенттің құттықтауында.
07 мамыр 2023 ж. 196 0