Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс прокуроры Үндеу жариялады

Облыс прокуроры Үндеу жариялады

Қызылорда облыс прокуроры Нұрлан Бижанов облыс халқына соңғы уақытта әлеуметтік желілерде орын алып жатқан үгіт-насихат жұмыстары бойынша Үндеу жариялады. «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабының тәртібімен
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарында шетел және Қазақстан азаматтарын өзге елдердегі қарулы қақтығысқа шақыру туралы үгіт-насихат материалдары таралуда.

Оның ішінде жалдамалы әскери топтар белсенді түрде адамдар жинап, азаматтарға қомақты жалақы, сыйақы төлейтіндігімен қызықтыруда.
Сондықтан қарулы қақтығысқа қатысқан азаматтар үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін түсіндіремін.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170-бабына сәйкес жалдамалыны азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге материалдық қамтамасыз ету, сол сияқты оны қарулы қақтығыста, соғыс қимылдарында немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне пайдалану не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан осындай іс-әрекет 20 жылға дейiнгi немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы Қылмыстық кодекстің 172-бабымен сараланып, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға және қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамын.
Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.

Қызылорда облысының прокуроры Нұрлан Бижанов

kyzylorda-news.kz​​​
26 мамыр 2023 ж. 206 0