Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жариялады

Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жариялады

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Б. Б. Дембаев қазақстандықтарға үндеу жариялады деп хабарлады Egemen.kz. Үндеу мәтіні төменде ұсынылған.

2022 жылдың ақпан айынан бастап бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, хабарламалар, пікірлер) белсенді жариялануда.

Бұл ретте олардың ішінен жекелегендері Қазақстан азаматтарын осы жанжалға қатысуға шақырулармен, ұлттық араздықты қоздыру, екі тараптың да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдемелермен және жалған ақпаратпен сүйемелденеді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушылары, соның ішінде Қазақстан азаматтарының арасынан болып жатқан оқиғаларға жария түрде түсіндірме бере отырып, оларға еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастыруда.

Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен, біздің еліміз қатысушы ретінде жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға берілмеуге шақырамыз.

Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттерге жатады (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратынын түсіндіреміз.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын жалған ақпарат таратқан үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеміз.

Азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан аулақ болуға, осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз.
28 наурыз 2022 ж. 348 0