Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергетика саласының мәселелері талқыланды

Энергетика саласының мәселелері талқыланды

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешев және «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Бауыржан Асқаровпен кездесіп, аймақтың энергетика саласындағы өзекті мәселелерін талқылады.

Алдымен аймақ басшысы Бауыржан Бекзатханұлын «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі.

– Қазір елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өңірдің газдандыру деңгейі 72 пайызға жетті. Биыл газдандыру бойынша 26 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 8,6 млрд теңге қаржы бөлінген. 10 жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 12 елді мекен тұрғындары табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін де атап өткен жөн. Компанияның инвестициялық бағдарламасы аясында 25 млрдтеңгеге 4 аудан орталығы, яғни Арал қаласы мен Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері, Байқоңыр қаласы және басқа да елді мекендер газдандырылып, бүгінде халық игілігін көруде, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Дегенмен, газдандыру саласында шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар түйткілдер бар. Кездесу барысында коммуналдық меншіктегі газбен жабдықтау нысандарын пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне беру, компания филиалының аудандарда апаттық-диспетчерлік қызметін құру, тұтынушылардың қарызын азайту және Қызылорда қаласындағы қуаттылығы 240 МВт құрайтын жаңа бу-газ қондырғысының құрылысы мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы олардың шешім табуы аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетінін атап айтты.

syrboyi.kz
24 тамыз 2023 ж. 147 0