Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталады

Биыл Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталады

ҚР Президенті Жарлығының аясында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан халқымен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарын тыңдады.
Басқосу барысында аймақ басшысы өңірдегі негізгі міндеттер бойынша жоспарларымен бөлісіп, шешімі күттірмейтін мәселелерді ортаға салды.
«Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталды, оның 7-уін осы жылы аяқтаймыз. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68 пайызға жетеді. Биыл Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталады. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарда бар. Арал ауданының 65 шақырым жолын жөндеуге 2,5 млрд. теңге қаржы қаралды. Бұл қаржыға Жаңақұрылыс ауылына баратын автомобиль жолының, Қызылжар мен Шөмішкөл елді мекендері арасындағы автомобиль жолының құрылысын саламыз. Сондай-ақ, Бөген-Ақлақ автомобиль жолы, Сазды, Қызылжар елді мекендеріне кіреберіс автомобиль жолы, Аманөткел ауылына баратын автомобиль жолы, Сексеуіл кентіндегі темір жол өткелінен №231 мектепке дейінгі көшеге орташа жөндеу жұмыстары бар», – деді аймақ басшысы.
Мұнан бөлек, Сырдария өзені арқылы өтетін Хан учаскесіндегі қалқымалы көпір қайта жаңғыртылып, Арал қаласына кіреберіс автомобиль жолы мен қаладағы 5 көшені жарықтандыру жұмыстары басталмақ.
Жиын соңында аймақ басшысы тұрғындармен пікірлесіп, сұрақтарына жауап берді.
Кездесуде балық шаруашылығын дамыту, жол сапасын жақсарту, ауылдарға ауыз су тарту мәселелері айтылды.

kyzylorda-news.kz
24 маусым 2022 ж. 408 0