Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдар арасындағы қатынас қалпына келтірілді

Ауылдар арасындағы қатынас қалпына келтірілді

Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір және Жаңақұрылыс- Аманөткел арасындағы жол қатынасы ашылды. Бұл туралы Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауа райының күрт суытуына байланысты ағымдағы жылдың 19 қарашасынан 20 қарашасына қараған түні сағат 01:00 шамасында Сырдария өзенінде сең жүруі салдарынан Қызылжар, Хан елді мекендерінің тұсында орналасқан қалқымалы көпірлердің тростары үзіліп, Аманөткел-Жаңақұрылыс, Қызылжар елді мекені арасында жол қатынасы тоқтаған болатын. Нақтырақ айтқанда қалқымалы көпір Хан елді мекені тұсынан 600 метрге, Қызылжар елді мекені тұсынан 1500 метрге дейін жылжып кеткен.


Төтенше жағдай бойынша аталған ауылдық округ әкімдері мен елді мекен тұрғындары және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, бүгін Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір қалпына келтірілді. Нәтижесінде Жаңақұрылыс- Аманөткел арасында жол қатынасы ашылды.
Алайда, дария бойында мұз болуына байланысты Қызылжар елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді әзірге орнына қою мүмкін болмай отыр. Қызылжар елді мекені бойынша атқарылған шаралар жөнінде қосымша хабарланатын болады.
24 қараша 2019 ж. 1 054 0