Сеңнен төнер қауіп бар ма?

Жыл сайын қайталанатын қатердің бетін қайтару, сең көшкініне қарсы дайындықты пысықтау, әркез назарда ұстау жұмыстары Сыр елі үшін көктемдегі атқарылатын істің үлкені. Сол мақсатта облыс әкімі Арал ауданы сең көшу уақытындағы басты назарда болуға тиісті аумақ деп, бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай ауданәкімі М.Оразбаев Сырдария өзені бойындағы елді мекендерді аралап, сеңнен төнер қатердің қаншалықты қауіпті екендігін өз көзімен көріп қайтты.
Сапар Райым ауылдық округінің орталығы Қызылжар елді мекенінен басталды. Ауыл тұрғындарының қаншама жылдан бергі сұрауының нәтижесінде жыл бұрын ғана пайдалануға берілген қалқымалы көпірде болып, дарияның қолайсыздық тудыратын тосын сыйының жағдайына қанықты. Су деңгейі қалыпты жағдайда. Ал, қыс мезгілінде Сырдарияның бетін басқан мұз айдынының да көбесі сөгіліп, елді мекен мен аудан орталығын жалғап тұрған қалқымалы көпірге де, Қызылжар тұрғындарына да төндірер қауіптің жоғына көз жеткізді. Ағысынан жаңылмайтын арқыраған өзен суының арнасынан асар қауіпі байқалмайды.

Дегенмен, «жаудан қашып құтылсаң да, судан қашып құтылмайсың» деген емес пе? Осыны басты назарда ұстаған аудан басшысы екі ауылдық округтің де әкіміне сеңнің беті қайтты деп салғырттық танытпауды баса тапсырды.
Су – тілсіз жау. Әрбіріміз дария деңгейінің арнасынан асу қаупінен сақтануды естен шығармағанымыз абзал.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.