Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жатақхана жырына нүкте қойылмақ

Жатақхана жырына нүкте қойылмақ

Мойындайықшы, осы студент деген сөзді естісек, ойымызға бірден жатақхана, ал жатақхана десек, студент оралатыны анық. Тіпті осы екі ұғымды бір-бірінен ажыратып қарастыру да мүмкін емес сияқты. Өйткені ауылдан арман қуып қалаға аттанған студенттің қалтасы көтеретін ең тиімді тұрағы да, қызығы мен шыжығы мол шақтың ең алғашқы куәгері болатын құтты қонысы да сол жатақхана. Дегенмен, әр оқу жылы басталған сайын жатақхана жыры да қоса айтылады. Оған себеп біреу: жатақхананың жеткіліксіздігі. Десе де, жақында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзі көңіл қуантады. Онда президент білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру туралы сөз ете келе:«Әлемдік білім беру жүйесін құруда студенттердің өмір сүру жағдайы басты назарда. Бүгінде ЖОО мен колледж студенттерін жатақханамен қамту сұрақтары көкейде тұр. Аталған мәселені шешу мақсатында жатақхана құрылысын девелоперлік компаниялар арқылы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетігі негізінде іске асыру керек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Тиісті сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешетін болады»,-деп, жатақхана жайын да басты назарда ұстау керектігін алға тартқан болатын. Қорыта айтсақ, тапсырма бар, демек, нәтиже де болады деген сөз. Алдағы төртжылдықта осы мәселе шешіліп, студенттер жайы жақсарады деген үміт те жоқ емес.
Әсем ҚҰЛМАНОВА
12 наурыз 2018 ж. 2 260 0