Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2019 жылы 2 миллионнан астам адамның жалақысы өседі – Назарбаев

2019 жылы 2 миллионнан астам адамның жалақысы өседі – Назарбаев

Елбасының қатысуымен Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті
АСТАНА, 5 наурыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзінің жаңа бес әлеуметтік бастамасын жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның екіншісі жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға қатысты.
"Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек", — деп мәлім етті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет.
"Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Әрі қарай үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек", — деді Елбасы.
Айта кетейік, бүгін парламентте президент жаңа бес әлеуметтік бастамасын жария етті.
"Бүгін парламентте халыққа жаңа әлеуметтік бастамаларымды жолдаймын. Мен бұл қадамды көптен бері ойластырып жүрген болатынмын. Бірақ бізге күш пен қаражат жинау қажет еді. Енді міне уақыты келген секілді. Біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін одан әрі нығайту бойынша нақты іс-әрекет жасайтын уақыт болды. Мұны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жасау керек. Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алмақ", — деп мәлім етті Елбасы. 

sputniknews.kz


05 наурыз 2018 ж. 2 127 0