Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр бойы» газеті «Urker-2023» ұлттық сыйлығын алды

«Сыр бойы» газеті «Urker-2023» ұлттық сыйлығын алды

Мәдениет және ақпарат министрлігі Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «Urker-2023» ұлттық сыйлығына үміткерлер тізімін жариялады. Бұл үздіктер тізімінде аймақтық "Сыр бойы» газеті "Үздік өңірлік БАҚ" номинациясын иеленді.
«Urker-2023» ұлттық сыйлығы биыл 12 номинация бойынша үздіктерді анықтады. Байқауға баспа, радио, интернет-журналистика саласында қызмет етіп жүрген журналистерден барлығы 450 өтінім, солардың ішінде ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ», «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша келіп түсті. Үздік жұмыстарды құрамында беделді журналистер, медиа менеджерлер бар қазылар алқасы анықтады.
Бүгін де аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» газеті заман көшінен қалмай ақпарат саласында айшықты орнын қалыптастырды. Аталмыш сыйлықты табыстау салтанатты шарасына қатысқан "Сыр медиа" ЖШС Бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева:
– "Сыр медиа" ЖШС-ға қарасты Қызылорда облыстық "Сыр бойы" газетінің қазақ журналистикасындағы шоқтығы биік ұлттық сыйлығына лайық болғанына өте қуаныштымыз. Бүгінгідей ақпараттық технологиялардың жылдам қарқынмен даму кезеңінде және тенденциялардың көз ілеспес жылдамдықпен даму кезеңінде газет шығаруға күш-жігер тауып отырған әріптестерімнің бұл үлкен жеңісі және 2024 жылы 95 жылдығын тойлайтын жаңа мыңжылдық қарсаңындағы әріптестеріме берілген үлкен баға, үлкен шабыттың көзі деп санаймын, – деді.
Әріптестерімізді бүгінгі жеңісімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Арал аудандық «Толқын газеті» редакциясы ұжымы
25 қыркүйек 2023 ж. 301 0