Аймақ басшысының Алғыс хатын табыстады
Бүгін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Бірінші кезекте ол облыстық «Сыр бойы» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын құттықтап, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатын табыстады.– Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын жеңіп алған облыстық «Сыр бойы» газеті Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына тамаша тарту жасады. Аймақтың ата басылымы өз биігін байқатты. Заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» дегеніндей, сөзі сұңғыла, жанрлық ерекшелігі әрқилы, безендірудің көркемдік деңгейі жоғары басылымның оқырманға берері көп. Келесі жылы «Сыр бойы» газеті өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл сыйлық – мерейтой алдындағы мүмкіндіктің мезіреті. Ал бүгінгі жеңіс – «Сыр бойы» газеті ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі және Сыр өңіріндегі барлық баспасөз өкілдерінің ортақ қуанышы» деді облыс әкімі.
«URKER» ұлттық сыйлығы Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. Ол журналистиканың беделін арттыруға, талантты БАҚ қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдарды анықтауға, сондай-ақ олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін тануға бағытталған.

syrboyi.kz










