Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі жаңақорғандықтарды аудан мерейтойымен құттықтады

Облыс әкімі жаңақорғандықтарды аудан мерейтойымен құттықтады

Биыл Қызылорда облысының 85 жылдығымен Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келді. Бүгін Жаңақорған ауданында мерекеге орай бірқатар нысан ашылып, қорытындысында ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.«Биыл алты Алашқа пана болған Сыр бойындағы облыстың құрылғанына 85 жыл толды. Мерейлі мерекеге қызылордалықтар бекем бірлік, тату тірлігінің арқасында жақсы нәтижелермен жетті. Үкіметтің ресми мәліметі бойынша, облысымыз 9 айдың қорытындысымен республикадағы үздік үштіктен көрінді. Жаңақорған ауданының даму динамикасында да өсім бар. Ауданда жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 10 ірі жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны ерекше. Күні кеше өткен «Алтын дән» дала еңбеккерлерінің қорытынды шарасында Жаңақорған ауданы «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атанды. Барша еңбеккерлерді жеңісімен құттықтаймын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек», – деген болатын. Қойнауы құт, даласы дархан Жаңақорғандағы жасампаз жобалардың барлығы еңбек адамдары – сіздердің арқаларыңыз», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы елдің берекесі мен бірлігін сақтауға үлес қосқан, тәуелсіздік жылдарынан бері ауданды басқарған ел ағаларына алғыс білдірді. Іс-шарада бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, 6 адам Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұнан бөлек, аудан мерейтойына арналған айтыс жеңімпаздары марапатталды.

Мерекелік кеш әсем әнмен, мың бояулы отшашумен аяқталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
22 қазан 2023 ж. 273 0