«Алтын дән-2023»: Қызылордада еңбек озаттары марапатталды

«Алты алашқа ана болған Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына биыл 85 жыл. Қызылордалықтар бұл мерейтойға үлкен табыспен жетті. Жақында облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы аймақтың дамуына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын»,– деп қошемет білдірді. Президент Сыр өңірінің бренді – күріш өндірісін көру үшін «Алтын орда» зауытында болды. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімдерімен танысып, диқандар мен шаруалардың еңбегіне табыс тіледі. Бұл – барша еңбек адамдарына берілген оң баға, көрсетілген құрмет», – деді облыс әкімі.

Нұрлыбек Машбекұлы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Cыр диқандарына жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Айта кетейік, аймақта 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 157 млрд.теңгеге жетті. Жалпы ішкі өнімдегі осы саланың үлесі 6 пайызды құрады. Соңғы 3 жылдың ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына 32 млрд 700 млн теңге инвестиция салынды. Биыл жалпы құны 7,9 млрд.теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жыл ішінде салаға 14,0 млрд теңге қаржылай қолдау жасалды. Оның 4 млрд 700 млн теңгесі егін шаруашылығын субсидиялауға бағытталды.

Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық - ең алдымен туған елінің игілігіне қызмет ету" деген еді. Осы орайда дәстүрлі мерекенің ең басты құрметі еңбек адамдарына көрсетілді. Күрішшілер, сушылар, комбайншылар, механизаторлар, диқандар, малшылар сахна төріне шығып, марапатқа ие болды.
Іс-шарада сала қызметкерлері ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді. Төрт түлік өсімін қамтамасыз еткені және өнім өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін Арал ауданы марапатталса, «Егін шаруашылығы» номинациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге Сырдария ауданы қол жеткізді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы бойынша Жаңақорған ауданы марапатталады.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әсем ән шырқап, мерекені думанға бөледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі