Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысты

Мемлекет басшысы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысты

Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырды.

– Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын,– деді Мемлекет басшысы.

Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе, Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар олар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын,– деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды.


Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты;
жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген;
халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады.
жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады;
түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

10 қазан 2023 ж. 237 0