Президент Республика күнінің мән-маңызын атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын тойланатын айтулы мерекенің мәні мен маңызы туралы сөз қозғап, ел азаматтарын Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің айтуынша, қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, жан-жақты нығайту – бәріміздің ортақ міндетіміз, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы перзенттік парызымыз.
«Біз Республика күнінің мән-маңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіруіміз керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім барысында.
Осы тұста Мемлекет басшысы Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек екенін еске салды. Президенттің пайымынша, осы мақсатта патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн.
«Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!», деп түйіндеді Президент.