Президент Мемлекеттік тудың маңызы туралы айтты

«Еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ – Мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады», деді Президент.
Сондай-ақ ол шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар екенін атап өтті.
«Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар», деді Қ.Тоқаев.