Рәміздерді қастерлеу – азаматтық парыз
![](/uploads/posts/2022-06/medium/1654335873_1591244139_1528079393_article_b.jpeg)
Мемлекеттік рәміздер – бұл әрбір мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейді. Еліміздің әрбір азаматынан рәміздерге деген құрмет, қастерлеу сезіліп тұруы қажет. Осы рәміздер арқылы қазақ халқының бастан өткерген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, патриотизмге үндейді, батылдыққа баулиды.
Сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі болып табылатын мемлекеттік рәміздердің нышандары өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсат-мұратымызды айқындайды.
Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл атаулы мереке тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы іспетті. Қыран бейнелі көк Туымыз, шаңырақ шырайлы Елтаңбамыз, Әнұранымыздың әдемі мәтіні егемен еліміздің ресми белгісіне айналып келеді.
Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда Мемлекет басшысы: "Туған жерге туыңды тік" деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: "Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес". Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым", – дей келе, мемлекеттік туымызды пайдалану тәртібін қайта қарап, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болатынын айтты.
Еліміздің спортшылары байрақты бәсекеде, бүкіләлемдік олимпиадаларда ел мерейін үстем етіп, мемлекеттік нышанымыздың төрден көрінуіне сеп болып келеді. Бұл – үлкен мақтаныш.
Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы, рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу деп ұғынамыз. Иә, Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ.
К. МАХСҰТ