Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің 4 маусым – Рәміздер күніне арналған құттықтауы

Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің 4 маусым – Рәміздер күніне арналған құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ шығар.
Біздің тағылымды тарихымыздан сыр шертер мазмұны терең нышандарымыз кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Түптеп келгенде рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – қастерлі!
Өздеріңізге мәлім, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілсе, тура 15 жылдан кейін дәл сол күні, яғни 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданған болатын.
Бұл күндері аузын айға білеген өзге алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, талай елдің төрінде әнұраны шырқалып, көк туы желбіреген Қазақстанды төрткүл дүние танып, мойындады десек артық айтқандық емес.
Ұлттық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық ықылас – адамның рухани болмысын айқындайтын асыл ұғым. Ал, Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір жүрекке ұялататын елдің нышандары екені сөзсіз. Олай болса, Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.
Ардақты ағайын!
Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болсын деймін. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін!
Бірлігіміз жарасып, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында нық қадам жасап, ынтымағы жарасқан ел болайық!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі 
Серік Сағитжанұлы СЕРМАҒАМБЕТОВ
04 маусым 2021 ж. 1 785 0