Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елдігімнің айғағы

Елдігімнің айғағы

Егемен еліміздің елдігін айшықтайтын ұлттық рәміздеріміз  Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге паш етіп, әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі болып отыр. Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын танытатын құнды белгілер. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына табан тіреген шақта елдің қол жеткізген әрбір жетістігінде мемлекеттік рәміздеріміз биіктен көрініп, ұлттық ерекшелігімізді танытты.

Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жария­лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміз­дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміз жарияланғанның кейін, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміз­дер­ді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемле­кеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізде­ніс­пен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жыл­дың басында Жоғарғы Кеңестің төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл­дады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері кірді.
Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі ерекше болғанын атап өтуіміз керек.  Осының нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде қазақ тілінде термин сөз ретінде қолданылып жүр. Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
Тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты әртүрлі деректер де кездеседі. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Одан кейінгісі ақ, көк, сары және қара түсті тулар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. «Бостандық әнұраны» деп аталатын оның мәтінін 1823 жылы грек ақыны Диониенос Соломос жазған.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс берген мемлекеттік нышанымыз арқылы бізді әлем таниды. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.

Н. МАРАТ 



06 маусым 2021 ж. 1 755 0