Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Н.Нәлібаев: Әлеуметтік газды халықтың аузынан жырып сатуға жол бермеймін

Н.Нәлібаев: Әлеуметтік газды халықтың аузынан жырып сатуға жол бермеймін

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте газ тапшылығы мәселесі талқыланды.

Аймақ басшысы халық қажеттілігіне арналған, төмен бағамен берілетін газды кәсіпкерлерге құнын қымбаттатып сатқан операторларды қатаң сынға алды.

«Үкімет халық үшін арзан бағамен газ береді. Ал сіздер сол газдан пайда табу үшін сыртқа сатасыздар. Жол салушы компаниялардың жанар-жағармай шығыны жобасында қаралған. Оларды газбен қамтамасыз етуге міндетті емессіздер. Біз ондай уәде берген жоқпыз! Арзандатылған газды халықтың аузынан жырып, қымбатқа сатуға жол бермеймін!» – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте газбен қамтамасыз ететін оператор мекемелер басшылары қазіргі жағдайды баяндады.

Бүгінде облыс орталығы мен аудандарда әлеуметтік бағамен сатылатын газды тұрғындарға босату бойынша комиссия құрылып, оның ашық және әділ таратылуын қадағалайтын болады. Мұнан бөлек, облыстың Түркістан, Ақтөбе, Жезқазғанмен шекарасына арнайы бекеттер қойылып, әлеуметтік газды тасымалдау қатаң бақылауға алынбақ.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығымен Қызылорда облысының аумағындағы автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілген.

Энергетика министрлігінің жеткізу жоспары бойынша Қызылорда облысына айына орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөлініп келеді. Жеткізу жоспарына сәйкес қазан айында 6 791 тонна газ бөлінді («Қазгермұнай» – 5 427 тонна, «ПКОП» – 1 364 тонна). Алайда, «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы жоспардан тыс жұмыстарға байланысты бекітілген көлем 529 тоннаға қысқарып, жаңа жоспар бойынша 4 898 тоннаны құрады. Осыған орай Қызылорда облысына 6 262 тонна газ бөлінді.

«ПКОП» компаниясынан 1 364 тонна газ толық көлемде әкелінді. Сонымен қатар, қазан айында министрлік «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан 504 тонна (14 вагон) қосымша көлем бөлді. Оның ішінде, 288 тоннасы (8 вагон) облысқа келді. Тағы 144 тоннасы (4 вагон) жөнелтіліп, облысқа 1 қарашада келеді деп жоспарлануда, қалғаны 72 тонна.

Орын алған жағдайға байланысты «Саутс Ойл» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, компания 104 тонна газ бөлді.

Облыстан тыс жерлерге газды әкетудің алдын алу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Бұл топ газды тиеп-жөнелту пунктінен бастап, автожанармай құю станцияларын толтыруға және одан әрі тұтынушыға сатуға дейінгі процесске бақылау жүргізуде.

Бүгінгі күні облыста сұйытылған мұнай газы бойынша қалдық қоры – 221 тонна. Одан бөлек, 27 қазанда облысқа 224 тонна қосымша көлем бөлінді. Комиссия отырысы сол күні өткізіліп, өңірлік операторларға бөлініс жасалды.

Айта кету қажет, қараша айына 7 458 тонна газ қарастырылған. Оның ішінде, «Қазгермұнай» компаниясынан 4 740 тонна бөлініп, бірінші онкүндікте 1 840 тоннасы жоспарға сәйкес жеткізіледі.

Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы барлық операторларға газды сатуға қатысты шектеулерді алып тастауды тапсырды.

«Бизнес – үнемі табыс табу деген сөз емес. Арзан газды сатып, газ тапшы кезде еш әрекет етпей, қол қусырып отыруға болмайды» – деп ескертті облыс әкімі.

kyzylorda-news.kz
31 қазан 2023 ж. 420 0