Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырбойылық ақындар жеңіске жетті

Сырбойылық ақындар жеңіске жетті

Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы ақындарының арасында республикалық командалық айтыс өтті.
Командалық айтыста сырбойылық таланттар басым түсіп, жеңіске жетті.

Азулы ақын Нұрмат Мансұров бапкерлік еткен, сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, дәстүрлі ән, жыр, күй өнерінен сынға түскен дарындар қай жағынан алып қарағанда да мықтылықтарын дәлелдеді.

Күйші Алдияр Шағдатов күй бөлімінде Мұраттың төкпесін құйқылжытқанда көрермендер ұйып тыңдады. Жыршы Бейсенбек Төлеубаев Сырдың мақпал мақамымен рухты асқақтатты. Түре айтыста оза шапқан Бексұлтан, Ержан мен Мөлдір ақындар жүйрік екендерін дәлелдеді.

Нартайдың ән мұрасын арқалаған жерлесіміз Ақмарал Ноғайбаева мен Тасбергеннің маңырамасымен тұла бойды тітіркендірген термешіміз Әділхан Қуаңбаев та деңгейлі өнер көрсетті.

Ал, айтыстың ақтаңгері, мақтанышымыз Мұхтар Ниязов қайым айтыста қарсыласына ғана емес, көрерменге ақберен де, берен де өзі болып сезіліп, бір мүдірместен команданы жеңіске сүйреді. Осылайша өрілген дәстүрлі өнер додасы Сыр бойына үлкен жеңіс сыйлады.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: Облыстық мәдениет басқармасы 
09 наурыз 2024 ж. 283 0