Аралдық Бексұлтан Орынбасар – ақындар айтысының жеңімпазы
Бүгін Қазалы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігімді жырлаймын» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.
Дүбірлі додаға Қызылорда облысы мен Ақтөбе және Тараз қалаларынан келген 10 ақын сынға түсті. Ақындар айтысын «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов тізгіндеді. Сөз құдіретінің қайнар бұлағы – сөз додасында ақындар ел бірлігі мен құндылыққа толы тарихымызды жырларына арқау етті. Сан ғасырлық тарихы бар жыр сайысында жерлесіміз,жас ақын – Бексұлтан Орынбасар бас жүлдеге ие болып 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 24 желтоқсанында Шиелі ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жырласа, жастар жырласын» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Бұл дүбірлі додада да жыр өлеңнің жас тұлпары – Бексұлтан Орынбасар бас жүлдені иеленді.
Бексұлтан Орынбасар Арал ауданы Шөмішкөл ауылының тумасы. Жас ақын – жыршы-термеші, айтыскер ақын ретінде жастайынан көзге түсіп, бүгінде есімі елге танылып қалған жыр өлеңнің жас тұлпары. 2020 жылы республикалық жастар айтысында үздік шығып, «Жүрсіннің жүйрігі», биыл республикалық «Күміс домбыра» айтысында 2-орын иеленіп республикалық, аймақтық үлкен айтыстар мен жыршы-термешілер байқауларының жеңімпазы атанып келеді.
"Толқын" ақпарат