Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖҮРГЕН 500 МЫҢҒА ТАРТА АДАМНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ - КҮЛӘШ ШӘМШИДИНОВА

БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖҮРГЕН 500 МЫҢҒА ТАРТА АДАМНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ - КҮЛӘШ ШӘМШИДИНОВА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды. Білім беру мәселелеріне қатысты алға қойылған міндеттерді орындау бойынша Білім және ғылым министрлігінің тәсілдері туралы министр К. Шәмшидинова баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".Ведомство білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің табысын  ұлғайту, орта білімде реформаны нақты түрде іске асыру, сондай-ақ ілгері жоғары оқу орындары мен заманауи коллеждерді анықтауға қатысты бірқатар міндетті орындауы қажет.
ҚР БҒМ деректері бойынша, педагог қызметкерлердің жалақысын арттыру жүйелі түрде жүргізіліп жатыр және кезең-кезеңімен шешімін табуда. 2018 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен аттестаттаудың жаңа жүйесі негізінде категориясын растаған және жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламаларымен жұмыс істейтін  ұстаздардың жалақысы 30-50%-ға өсті.
К. Шәмшидинованың айтуынша, білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбек ақысын ұлғайту 30%-ға дейін сараланған түрде жүзеге асатын болады.
«Білім беру саласында 500 мың адамның жалақысы өседі. Олардың қатарында    мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері мен олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, тәлімгерлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, жинап тазалаушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер және т.б. бар», — деді білім және ғылым министрі.Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру мақсатында, 2019–2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшілері мен психологтар, 15,5 колледж мамандары мен 2,4 мың ЖОО оқытушылары қайта даярлау курстарынан өтеді. Қазіргі таңда тілдік курстардан өткен 11 423 жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері 764 мектепте сабақ беріп жүр.
«2020 жылдан бастап аталған курстарға қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер дайындауға жұмсалатын болады. Бұл орайда ЖОО-лардың түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ескеріледі.  Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды», — деді білім және ғылым министрі.Сонымен қатар, мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландырудың жаңа әдістемесі енгізіледі.  Қаржыландыру көлемі оқушылар контингентіне байланысты анықталады. Қай жерде мектеп салу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады. Барлық деңгейлердегі білім беру бағдарламалары заман талабына сай өзектендіріліп отырады.
Бұдан өзге, 20 ілгері жоғары оқу орындары мен 180 заманауи коллеждерді анықталады. Бұл үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 100 басым мамандық пен білім беру ұйымдарын анықтаудың негізгі критерийлері белгіленеді.
«Жұртшылықпен және жұмыс берушілермен ынтымақтаса отырып, университеттер мен колледждер тізімі анықталып, олардың білім бағдарламалары экономиканың талаптарына сай өзектендіріледі. Сондай-ақ, коллеждердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру қарастырылады. Оқу процесіне шетелдік мамандар тартылады», — деп мәлімдеді К. Шәмшидинова.Бұдан өзге, 100 басым манмандықтарға сәйкес қажетті жабдықтар топтамасы белгіленеді.
ult.kz
28 ақпан 2019 ж. 1 424 0