Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Байқоңыр қаласында жылжымалы медициналық кешен жұмысы жалғасын табуда

Байқоңыр қаласында жылжымалы медициналық кешен жұмысы жалғасын табуда

Бүгін Байқоңыр қаласында жылжымалы медициналық кешен екінші күн халыққа тегін қызмет көрсетуде. Жылжымалы медициналық кешеннің жетекшісі Құлмаганбетов Айдос Қалдыбекұлы, Байқоңыр қаласы көп бейінді ауруханасының бас дәрігері Кенжебаев Султанбек Айбасович және бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Игенбаев Ержан Куандықұлымен бірлесіп халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатерлі ісіктің алдын алу, дер кезінде арнайы тексерулерден өту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ақпарат беріліп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Аудан орталықтарынан алыс ауылдардың тұрғындарына сапалы медициналық қызмет пен жәрдем ұсыну бүгінгі таңда да өзекті мәселе. Осы мәселені шешудің бір жолы ретінде жылжымалы медициналық кешенді атауға болады. Қазіргі таңда облыстық онкология орталығына "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешен Байқоңыр қаласынан бастап облысымыздың барлық аудандарына барып қызмет көрсететін болады. Екі көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары дәлдікпен зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Екі құрал да Жапонияда жасалған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш рет қолданысқа беріліп отыр. Осының арқасында елді мекен тұрғындары ауылдан алыстап шықпай-ақ, тегін КТ, маммографиялық зерттеу, УДЗ сынды өзгеде қызмет түрлеріне жүгіне алады.

Бұл зерделеу жұмыстары МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған мәртебесі бар тұрғындарға еш кедергісіз тексерілуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарғада барлық жағдай жасалынған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пандус-лифті бар екенін айта кетуіміз керек. Яғни медицина қызметкерлері үшін де, пациенттер үшін де қолайлы жағдай жасалған.

Бүгін онколог дәрігердің қабылдауында 34 тұрғын болды, оның ішінде 4 тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Сонымен қатар, УДЗ зерттеуінен 31 және 90 әйел маммографиялық зерделеуден өтті. Нәтижесінде 6 тұрғында қатерлі ісікке күмәнді ретінде тіркеліп, толық зерттеуден өту мақсатында облыстық онкология орталығына жолданды.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: ашық дереккөз 
15 мамыр 2024 ж. 236 0