Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистер одағы жаңа құраммен толықты

Журналистер одағы жаңа құраммен толықты

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада сырбойылық журналистер Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай олар одақтың куәлігі мен төсбелгісіне ие болды. Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Бауыржан Елеусінов қатысты.

– Ең алдымен, барлығыңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымы қоғамның белді мүшелері десем қателеспеймін. Кәсіби мерекеде марапат төрінен көрініп, одаққа мүше болғалы тұрған жандарды құттықтай келе, еңбекте табысты болыңыздар дегім келеді. Сіздерге шығармашылықтың шыңына жететін күш-қуат тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Биыл мүшелікке қабылданғандардың дені жастар. Олардың қатарында өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Нұрай Ақжігіт, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жанат Жәлиева, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай, «Qogam TV» телеарнасының редакторы Нұрбол Серікбай және осы арна дикторы Шапағат Торғаева бар. Сонымен қатар газет авторлары Баймырза Қожамберлиев, Әлімжан Қияс, аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшісі Ғазиза Рүстембек және Сандуғаш Рамберді одаққа мүше болды.

– Жылдағы дәстүрге айналған іс-шара биыл да өз жалғасын тапты. Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген жандарды мүшелікке қабылдап отырмыз. Еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді облыстық филиал төрағасы.

Сонымен бірге аталған іс-шарада тілшілер Қазақстан Журналистер одағының марапатына ие болды.

Айтар болсақ, БАҚ қызметкерлері арасында өткізілген республикалық конкурста жеңіске жеткен «Kzvesti.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Мира Жакибаева Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. «Әлімсақ» және «Ұстаз мәртебесі» басылымдарының редакторы Нұрлан Көбегенұлы одақтың «Алтын медаль» иегері атанды. Бұл марапат биылдан бастап тұңғыш рет беріліп отыр.

Сондай-ақ отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар БАҚ саласының қызметкерлері «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Олардың қатарында облыстық «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев, «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Айдана Жұмадинова, «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі Әкімжан Жолтаев, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің жауапты хатшысы Жанар Сыдық, «Ақпарат.KZ» газеті бас редакторының орынбасары Думанай Абдулпаттаева, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрарбек Бекмырзаев және «Жаңақорған тынысы» газетінің дизайнері Жасұлан Сейдеметов бар.

Айта кетейік, Түркі әлемінің ортақ үнін жұртшылыққа жеткізуге қосқан үлесі үшін «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шарада Бауыржан Елеусінов пен Баймырза Қожамберлиев журналистер қауымын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз 
04 шілде 2024 ж. 147 0