Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамара Дүйсенова "Ауыл аманаты" жобасының Сыр өңірінде жүзеге асу барысымен танысты

Тамара Дүйсенова "Ауыл аманаты" жобасының Сыр өңірінде жүзеге асу барысымен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасының аймақта жүзеге асу барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Былтыр бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаралып, 406 жобаға несие берілді. Соның арқасында 700-ден астам жұмыс орны құрылды.
Несие алғандар жеңіл өнеркәсіпті де игеруде. Мәселен, Махамбетов ауылының тұрғыны Сәрсенгүл Аралбаева «Ауыл аманаты» арқылы қол жеткізген 5 млн теңгеге шұлық өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір күніне 200-250 дана шұлық сатуда. Жобаға дейін тұрақты табысы болмаған Сәрсенгүл Аралбаева бүгінде жеке кәсіпкер.
«Өнімге деген сұраныс өте жақсы. Енді кәсіпті кеңейту жағын ойластырудамын. Әзірге екі адам жұмыс істейміз. Кәсібім кеңейіп жатса, жұмыс орындары да көбейеді. Қолдау білдіргендерге алғысым шексіз!», - деді ол.
Осы ауылдың тұрғыны Алтынкүл Дүйсенғазиева жүн мен мақтадан көрпе тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3 млн теңгеден астам несие алды. Қазір ауыл, ауданнан бөлек, Астанадан да тапсырыстар келіп, айына 20-25 көрпе тігуде.
«Өзімнің ерекше балам бар. Оны да осы кәсіпке үйретудемін. Алғашқыда өтініш бергенде жобамның мақұлданатынына сенбедім. Алайда, талап қылған адамға жол ашық екеніне көзім жетті. Осындай төмен пайызбен несие беру бастамасын көтерген азаматтарға ризашылығымды білдіремін», - деді ол.
Ал Сырдария ауданының Айдарлы ауылында көне кәсіпті жаңғыртқан кәсіпкер бар. Зейнеткер Марияш Әлжанова киіз басып, түкті кілем, сырмақ тігеді. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алған қаржыға цех ашып, 6 адамды жұмыспен қамтуда.
«Ұлттық бұйымдарға сұраныс қашан да жоғары болады. Өндіріске қажетті жүннен тапшылық жоқ. Өзіміздің ауылдан, көршілес Қоғалыкөлден қой мен түйе жүнін аламыз. Кәсіп өз алдына, ең негізгі мақсатым – жастарға ұлттық қолөнерді таныту», - дейді ол.
Тамара Дүйсенова қолға алынған жобаларды жоғары бағалады. Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Жастарға 2,5 пайызбен ұсынылатын жеңілдетілген несиелер, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға берілетін қайтарымсыз гранттар жайлы айтты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Ол туралы ауыл әкімдері түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
26 шілде 2024 ж. 166 0