Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық "Толқын" газетіне жаңа басшы тағайындалды

Аудандық "Толқын" газетіне жаңа басшы тағайындалды

Арал аудандық "Толқын" газетінің бас редакторы қызметіне Сайлауов Айдар Әділжанұлы тағайындалды.

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив отырысы өтіп, аудан әкімі А.Оңғарбаев орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталды.

Жиында ауданға арнайы іссапармен келген «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры М.Аралбаев, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қ.Шарабидинов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен БАҚ саласының бір топ өкілдері болды. Сондай-ақ актив отырысына ауылдық округ әкімдері онлайн түрде қатысты.

– Өздеріңіз білетіндей, Елешов Абай Жайшылықұлы - Арал аудандық «Толқын» газетінің әдеби қызметкерінен бастап бас редакторы қызметіне дейін абыроймен атқарып келді. Ақпарат саласындағы орнын салмақтай отырып, басылым беделі үшін аянбай еңбек етті. Ауданның үнжариясы саналған төл басылымда 20 жылдан әрі қызмет атқарып, аймақ, аудан журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын көпшілік жақсы біледі, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.

Осылайша аудан айнасы саналған «Толқын» газетінде ұзақ жыл еңбек етіп, басшылық қызмет жасаған А.Елешовке ауданның ең жоғарғы наградасы Арал ауданының «Құрмет грамотасын» табыстады.

Сөз кезегін алған «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры М.Аралбаев аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметіне жаңадан тағайындалған Айдар Сайлауовтың кандидатурасын жиналғандарға таныстырып, оның осы кезге дейінгі қызмет жолы мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келген А.Елешовтың еңбегіне тоқталып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Жиын барысында облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов, Арал ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Ж.Жақып және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жолановтар қызметке келіп жатқан азаматтардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

Айдар Сайлауов 1996 жылы Арал ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналынан бастап, жауапты хатшысы лауазымына дейін жоғарылаған. "Сыр медиа" ЖШС "Сыр бойы" газетінің тілшісі, Республикалық "Ақмешіт жастары" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

Айдар Әділжанұлы қаламгер Сағитжан Бермағамбетов атындағы жастар сыйлығының және облыстық «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аға буынның ізін жалғаған талантты ақын.
"Толқын" ақпарат

07 тамыз 2024 ж. 326 0