«Педагог - білім берудегі басты тұлға»: министр мұғалімдерге қолдау көрсетуді тапсырды
Бұл туралы Ғани Бейсембаев педагогтердің тамыз Саммиті аясында еліміздің 20 өңірінің әкімдерінің орынбасарларымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Кездесуде министр педагогтердің қоғамдағы рөлін күшейтуге ерекше назар аударып, педагогтерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
«Білім берудегі басты міндеттердің бірі - оның сапасын арттыру. Бірінші рет заң жүзінде «білім сапасы» ұғымы бекітіліп, Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің үлгісі қалыптастырылды. Алайда, білім беру ісіндегі басты тұлға – педагог болып қала береді және тұтас қоғамның болашағының табыстылығы оның кәсібилігімен тығыз байланысты. Педагогтердің жұмыс жасауы үшін жайлы орта қалыптастыру маңызды, ол үшін өңірлер жергілікті жерлерде заңдардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Әсіресе, жаңашылдығы мен шығармашылығы білім сапасын жақсартуға, балаларымыздың дамуына ықпал еткен педагогтерді қолдауға көңіл бөлу керек», - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ол педагогтердің жұмыс жағдайын жақсарту, біліктіліктерін арттыру және балаға сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі басты тұлға ретінде бағалауға шақырды.
Сурет: ашық дереккөз