Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНАН» СЫЙЛЫҒЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНАН» СЫЙЛЫҒЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Кеше Астанада өткен ІІІ Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан адамдар мен ұйымдарға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тағайындаған арнайы сыйлықтар табысталды.
Сыйлық «Қазақстан халқынан» деп аталады, яғни қордың атауымен үндеседі. Баршамыз Қазақстанның біртұтас халқы екенімізді көрсетіп, қайырымдылық жасаушылар мен көмек алушылардың бірлігін бейнелейді. Жүрек және бионикалық қолмен безендірілген шыны стелла қайырымдылық, инновация және ғылым арасындағы байланысты білдіреді.

Салтанатты рәсімде Қызылорда облысының әкімдігі өңірдегі оңалту және медициналық қызметтер бағдарламасын қолдағаны үшін «Аймақтың игілігі үшін стратегиялық альянс сыйлығымен» марапатталды. Бұл сыйлықты аймақтар арасында бірінші болып тек қана Қызылорда облысы иеленді.
Сыр өңірі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Қор аутизмі және басқа да ақыл-ой жетіспеушілігі бар балаларға арналған орталықтарды жабдықтауға, сенсорлық бөлме орнатуға, орфандық аурулары бар пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетті. Медициналық генетиктер мен ультрадыбыстық диагностика мамандарын шетелде оқыту, шала туған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жасайтын және емдейтін жабдықтар алуға мүмкіндік жасады.

Облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын республикада 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті.

Жаңақорған ауданында да «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, озық үлгідегі жабдықтармен жарақталды. Дәл осындай нысан жыл соңында Арал ауданында да ашылады. Жалпы қордың қолдауымен 3,699 млрд. теңгеге ауқымды жұмыстар атқарылды.

«Қазақстан халқынан» сыйлығының басқа да аталымдарына тоқталсақ, ауыл мектептерін дамыту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және оңалту бағдарламалары бойынша жобаларды іске асыруға мүмкіндік берген 30 млрд теңге көлеміндегі қайырымдылық жарнасы үшін «Ерекше қайырымдылық қолдау сыйлығы» ERG Еуразиялық тобына берілді.

«Қазақмыс» корпорациясы ТЖ салдарын жоюды және «Денсаулық жолы» секілді әлеуметтік бағдарламаларды қолдағаны, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер салу бойынша қормен белсенді өзара әрекеттескені үшін «Қайырымдылықтағы стратегиялық альянс сыйлығымен» марапатталды.

«Қазақстан Халық банкі» су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлер салу бағдарламасын және қорды тұрақты қаржылай қолдағаны үшін «Қайырымдылық мақсаттар үшін бейілділік сыйлығына» ие болды.

Solidcore Resources тобы Қазақстан өңірлерінде спорттық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «Жергілікті қоғамдастық үшін қайырымдылық серіктестік сыйлығымен» атап өтілді.

«Aitas.kz» холдингі қолдау жасайтын білім беруді тұрақты дамыту қоры Қазақстандағы ауыл мектептерін дамытуға және білім беруді қолдауға қосқан үлесі үшін «Білім беруді дамытуға қосқан тұрақты үлесі үшін сыйлығына» ие болды.
«Қамқорлық» корпоративтік қоры балалар мүгедектігіне жол бермейтін ерте араласу орталықтарын құрғаны үшін «Инклюзивті қоғамды дамыту сыйлығына» лайық деп танылды.
Талғат Кенжеболатов «Шабыттандыратын қайырымдылық жасаушы» аталымымен марапатталды. Ол үш жыл ішінде жалпы сомасы 1,3 млн теңгеден астам сомаға 300-ден астам жарна енгізген.
Адамдар мен ұйымдарды біріктіретін «Қазақстан халқынан» сыйлығын тапсыру рәсімінде қайырымдылықтың маңыздылығы айқындала түсті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

03 қазан 2024 ж. 107 0