Қызылорда құрылыс саласы бойынша көш бастап тұр
Бүгінде облыстың құрылыс саласы қарқынды даму үстінде. Соңғы екі жылда құрылысқа бөлінген бюджет көлемі 5 есеге артқан. Мәселен, өңірде биыл 189 жобаның құрылысы жүзеге асса, оның 61-і облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында басқарма басшысы Ерлан Төрәлиев айтты.– Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,6 пайызға өскен. Жалпы, соңғы екі жылдағы көрсеткіш бойынша біздің облыс құрылыс жұмыстары бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында осы жылы 869,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Ұлттық жоба аясында 1 154 пәтерді құрайтын 21 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1 696 пәтер сатып алу және апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Айта кету керек, кейінгі 2 жылда 4 000-ға жуық пәтер табысталып, 17 000 тұрғынның баспана мәселесі өз шешімін тапты. Сонымен қатар, мемлекеттік қала құрылысы кадастрын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі егжей-тегжейлі жол картасын сәйкес облыс бойынша құрылыс салынған 19 140 гектар аумақтың 16 986,44 гектарына жерасты және жерүсті коммуникацияларын түгендеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жалпы жұмыстың 88,7 пайызын құрайды,- деді Ерлан Кәрімбекұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі