Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс жұмыстары қарқынды

Құрылыс жұмыстары қарқынды

Әрбір қаланың, елді мекеннің дамуы үшін құрылыс жұмыстарының орны ерекше. Сапалы да сәнді етіп жасалған ғимараттар ауданымыздың көркін ашып, даму деңгейімізді бір саты жоғарылайтыны сөзсіз. Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аудан экономикасының дамуында осы салада жақсы үрдістің барына куә боламыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, демалыс орындары жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосары сөзсіз. Биыл да ауданымызда осындай оңды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қалануда.
Осы орайда аудан бойынша құрылыс саласында 4,2 млрд теңгенің жұмыстары жүргізіліп, жоспар 3,2 есеге артық орындалды. 2022 жылдан өтпелі негізде 6 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын тапса, жаңадан тағы 6 жоба 2023 жылы қолдау тапты. Оның ішінде 1 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталса, 4 жоба бойынша конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатыр, ал 1 жоба әзірлік үстінде. Олардың қатарында Арал ауданының Сексеуіл кентінде АГТС орната отырып, «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу жобасы, Сексеуіл кентінде кварталішілік газ тарту желілерінің құрылысы, Сексеуіл кентіндегі Мир көшесі бойынан спорт және ойын алаңының құрылысы бар.
Электр желілерінің құрылысы саласында да Жақсықылыш кентінің және Арал қаласындағы №5, №6, №8 мөлтек аудандарының құрылысы, газдандыру саласында 2 жоба құрылысы іске асырылып, Сексеуіл кенті мен қаламыздың №4 мөлтек ауданы көгілдір отынға қосылады.
Және жоғарыда жасалатын жұмыстардың нәтижесінде Арал қаласынан 2008-2011 жылдар аралығында жер кезегінде тұрған 7249 тұрғынның 1191-не және Жақсықылыш кентінен 311 тұрғынға жер телімін табыстау жоспарда бар.
Аталған жұмыстардан басқа, «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының аясында республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 100 пәтер сатып алуға республика бюджетінен 960 млн теңге қаржы бөлініп, 100 пәтерлі 50 үйдің құрылысы жүргізілуде. Еске сала кетейік, қазіргі таңда Арал қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 1540 отбасының 523-і әлеуметтік әлсіз топтар қатарына жатады.
Сондай-ақ жылдың соңына дейін Жақсықылыш кенті мен Қамыстыбас ауылындағы спорт кешені құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жобасы осы қарқынмен дамыса, қаламыздың көркейе түсетініне сеніміміз мол.
"Толқын" ақпарат
19 қыркүйек 2023 ж. 343 0