Аралдық кәсіпкердің өнімі сұранысқа ие
Аралдың қыр беткейіндегі көп ауылда түйе жетерлік. Шұбатын сіміріп, сүтін кәдімгідей шайға қатады. Құрт дайындайтын жеңгенің біразы осы жақта. Табиғаты қаталдау ауданға төзімді түлік болған соң шығар, бұл түйе жүнінен талай киім тоқылатынын да еске салайық.
Ауыл ғана емес, аудан орталығы - Арал Қаласының өзінен де қос өркештің де, нар да жиі кездеседі. Қалаға кіре берістен көзіңе бірден түсетін жануарды біздегі Сырдың бірден бір бренді десек, қателеспеспіз.
Қош, етінен бөлек, ағарғаны да шипа болған түйенің сүтін басқа да қажетке жаратып отырғандар бар. Мысалы, осындағы «Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдік қоспасынан сабын дайындайды. Ерекшелегі сол, бұл сабынға түйе, сондай-ақ ешкі сүтін де қосатын көрінеді. Ал шыққан өнімнің түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар.
Кәсіпкер өз өнімін шығаруда алдымен 400 АЕК көлеміндегі грант ұтқан. Былтыр аралдық кәсіпкердің емдік әрі хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік көрме-байқауында үлкен сұранысқа ие болғаны бар. Оған қоса «Бір ауыл - бір өнім» жобасының финалисі атанды. Айтпақшы, кәсіпкер биыл қазан айында өткен 5 млн-ға теңгеге дейінгі мемлекеттік грант беру конкурсына қатысып, жобасы бірден мақұлданыпты.
Ержан ҚОЖАС