Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Төрт түліктің адам денсаулығына пайдасы

Төрт түліктің адам денсаулығына пайдасы

Ұлы дала емінің пайдасы жайында ғалымдар да түрлі пайымдар айтады. Мысалы құрт, сүт, ешкі майының емдік қасиеттері жетерлік. Оны байырғы ата-бабаның әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен байқауға болады. Қазақ халқы төрт түлік малға сүйенген өзінің ұзақ уақыттық бай тәжірибесінің арқасында денінің сау, басының аман, бауырының бүтін болуы үшін мал өнімдерін жиі пайдаланатын болған.
Малдың терісі мен жүнінен жасалатын киім-кешекті дененің жылылығын сақтап, суықтан қорғанудың таптырмас құралы еткен халқымыз ет, сүт өнімдерін де өмірінің арқауы ете білді. Денеге аурудың кіруі адам организмінің белгілі бостық – әлсіз тұсын таңдайды. Сондықтан да ет жеп, сорпа ішуді дағдыға айналдырған, таза ауада, ат үстінде жүрген халқымыз көп жағдайда ауру-сырқаудан ада, сау-саламат өмір сүретін болған.
Халық емінде: «қай жерің ауырса, малдың сол мүшесін же» дейтін қарапайым қағида бар. Жылқының өкпесі өкпе ауруларға, жүрегі жүрек ауруларға ем деп қарайды. Еттен кейінгі қазақ халқының байырғы тағамдарының көбі сүт өнімдерінен құралады. «Қойдың сүті қорғасын...» дегендей, қой сүтінің айрықша сіңімді, қуатты, жұғымды емдік қасиеттеріне қарай айтылған болар.
Сүтті – түйе сүті (шұбат), ешкі сүті, жылқы сүті (саумал-қымыз), сиыр сүті деп бөлеміз. Шұбат ˗ өкпе ауруына тамаша ем. Ол дененің қызуын басады, қандағы тосқындық өзгерістерді жойып, науқасқа қуат қосады. Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына бірден-бір шипа болуымен қатар қанды да толықтырады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты әлсіреген науқастарға күніне екі немесе үш мезгіл, кемінде бір рет шұбат ішкізген пайдалы. Шұбатты ішкен адамның денесі балбырап, ұйқысы жақсарады.
Сондай-ақ жаңа сауылған сүттің емдік қасиеті өте күшті болады. Күн сайын тамақтың алдында жарты сағат бұрын бір кесе шикі ешкі сүтін ішіп алған адамның ағзасы сау болады, түрлі жұқпалы аурулардан аулақ болады. Ешкі сүтін 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады. Өкпе, тыныс жолы ауруымен ауыратын адамдарға ешкінің сүтін ішуге болғанымен, етін жеуге тыйым салынады.
Ал сиыр сүті – жүрек-қан тамырлар жүйесі үшін пайдалы. Ол қан тамырларды нығайтып, қан қысымын төмендетіп, инфаркт, инсульт пайда болуының алдын алады, ас қорытуға жақсы әсер етеді. Бүйрек пен өкпе қызметін жақсартады. Сиыр сүтінен жасалатын өнім түріне құрт жатады. Құртты өкпе, асқазан, сүйек ауруларына ем және суық тиіп ауырғанда сорпаға қосып ішкен дұрыс. Сүт және құрт өнімдерін көп тұтынатын адамдардың өкпесінде кінәрат болмайды.
Қазақ халқының өмірінде қымыздың орны да өте жоғары. Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде С витамині мол. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе, туберкулез ауруын емдеуде өнімі айрықша жоғары.
Айран, құрт, сары май холестеринді тежейді. Қазақтардың сүтке сары май салып ішуі де бекер емес. Сары май холестеринді ыдыратып, қанды іркіліссіз жүргізуге қызмет етеді. Ет пен сорпаны, сүт өнімдерін көп пайдаланған адамның күш-қуаты, ауруға қарсылық көрсетуі жоғары болады. Өкпе қызметі де үнемі сондай қуатты тағамдар мен таза ауаны қажетсінеді. Ең бастысы химиялық улы заттардан аулақ қазақы тағамдар мен емдік қасиеттердің пайдасы болмаса зияны жоқ. Жалпы ауру иммунитеті төмен адамға тез жұғады. Сондықтан дұрыс тамақтану, тазалықты сақтау, сабырлылық пен емдік шараларды тиісінше қолдана білгеніміз абзал.
Дайындаған К.Махсұт
---
11 қазан 2023 ж. 153 0