Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халал ас – жан азығы

Халал ас – жан азығы

         Ескере бермейміз, түбіне жетіп тексере бермейміз. Аты «халал», заты харам тағамдардан абайлаңыз. Бұрын шұжықтардың сыртында «халал» белгісі болатын. Ал қазір бұл белгіні кез келген жерден көретініміз анық. Бүгінде елімізде «халал» белгісі бар өнімдер мен қызмет түрлері халықтың жоғары сұранысына ие болып отыр. Әрине ішер асыңнан бастап, киер киіміңе дейін адалдан болғаны жақсы-ақ. Бірақ соңғы кездері пайда табуды көздегендер «халал» белгісін оңды-солды пайдалануға көшті. Сарапшылардың айтуынша, халал белгісінің танымалдылығы артқан сайын, сондай өнімді қолдан жасайтындар қаптап кеткен.
        
Ас – адамның арқауы. Адал тағам – ден­саулық кепілі. Халал – тұтас бір индус­трия. Бүгінде әлемдегі 148 елде халал бағы­ты жақсы дамыған. Халал брендін кім көрін­ген пайдаланып, көпшіліктің түсінбестігін ту­дыр­мау үшін халал өндірісі мемлекеттік тұр­ғыда бақылауға алынған. Осы орайда 10 мил­лион­нан астам мұсылман өмір сүретін біздің мем­лекетімізде де халал индустриясын зерттеп, сараптап отыратын арнайы дамыту орталықтарын ашатын кез келген секілді. Елімізде халал өнімдерін қалыптастыру енді жолға қойылып келеді. Бізде көбіне адал десе, тек азық-түлік не шұжық еті еске түседі. Себебі, дүкенге бас сұға қалсақ, «Халал» деген таңбаланған тауарды іздейміз. Ал ақиқатында әлемдік нарықта киім-кешек, әшекей бұйым­дары, косметика, парфюмериялық және гигиена заттары халал стандарт бойынша қолданысқа енгізілген. Арыға бармай-ақ, күнделікті тұтынатын ет өнімдерін алайықшы. Өрісінен төрт түлік малы, дастарқанынан ағы арылмаған қазақ халқының малды сойып, оның етін азыққа дайындауда адамгершілікке, тазалыққа аса жоғары мән бергені белгілі. Қазақша мал союдың бүгінгі халал стандартына томпақ келетін тұсы жоқ. Қазақ халқы кез келген малды соғымға не болмаса қонаққа соя бермеген. Сойылатын малдың семіз, ауру-сырқаудан аман болуы басты шарт. Негізі, біздің түсінікте халал – Ислам шарттарына қайшы келмейтін сапа стандарты. Шариғи тілмен айтқанда, «рұқсат етілген, құпталған» деген мағына. Ал тағам саласына келсек, халал тағам – Алланың жеуге рұқсат еткен тағамы. Шошқаның, арам өлген малдың етін жеуге болмайды. Ата-бабаларымыз ежелден «бисмилласыз сойылған малдың етінде дәм болмайды» деп Жаратушы бір Аллаға деген сенімін айқын аңғартқан.         Әлгінде айттық, жаһан жұрты жаппай адал асты қолдануда. Енді осы тақырыпты тереңірек тарқатсақ. Араб елдері халал жұмыртқаны ғана қолданады екен. Қазіргі таңда жұмыртқаның көбін тауық тумайтын болған. Басым бөлігін Қытай химия, синтетика, парафин, гипстен жасайды. Оның сары уызында доңыздан алынатын «желатин» бар. Сондықтан Араб елдерінің халал жұмыртқа іздейтіні осыдан. Бұл – бір. Екіншіден, ғылымның дамығаны сондай, АҚШ-та кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНҚ-ны қосады. Сол секілді, картоп пен бәйшешекті будандастырып, нәтижесінде зиянды жәндіктер жоламайтын түрін алуда. Әрине мұның барлығы харам болып саналады. Яғни «ауру – астан» екенін ескерсек, адал тағам тұтынудың маңызы зор. Сондықтан еліміздегі халал өндірісін дұрыс жолға қоюдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Өзбекстан үкіметі «халал» мөрін кез келген тауарға жабыстыруға заңдық тұрғыда тыйым салды. Бізде де осы мәселенің біржақты шешімін табатын сәт келген тәрізді.         Ақтоты Шынықұл
23 қараша 2019 ж. 1 056 0