Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВТЫҢ МАҚАЛАСЫ немесе Сексеуіл кентінен жеткен хат

МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВТЫҢ МАҚАЛАСЫ немесе Сексеуіл кентінен жеткен хат

Жаңашылдық, ізденіс пен ғылым-білімді дамыту – уақыт арнасын өзгертетін ұлы күш. Осы ұлы күшті ұлт үшін тиімді пайдаланған жағдайда ғана елдің ұлы көші түзіледі. Ол үшін тарихтан тәлім алып, жаңа заманның ілімін игеру қажет.
Жаңашылдық, ізденіс пен ғылым-білімді дамыту – уақыт арнасын өзгертетін ұлы күш. Осы ұлы күшті ұлт үшін тиімді пайдаланған жағдайда ғана елдің ұлы көші түзіледі. Ол үшін тарихтан тәлім алып, жаңа заманның ілімін игеру қажет.Ел болашағын ойлаған кемеңгер тұлғалардың барлығы да болашақтың кілті білімде екенін айтып кеткен. Білім мен ғылымды үйренген халық ғана мемлекет келешегін екшей алады. Бұл сөзімізге тарихтан тарыдай ғана дәлел келтірсек жеткілікті деп ойлаймын.Алаш арысы, ұйықтап жатқан ұлтты оятуға өмірін арнаған қайраткер Міржақып Дулатовтың еңбектерін ақтарып отырып, мына бір дерекке көзім түсті. Арал ауданы, Сексеуіл кентінен бір тұрғын Алаш арысына хат жазады. Міржақып Дулатов хатқа өз пікірін білдіре отырып, сол кездегі «Ақ жол» газетіне жариялайды. Алаш қайраткерінің осы мақаласынан үзінді келтірейін. 

«Түркістан Республикасында оқу жұмысы бұрын қандай һәм қазір не күйде екенін баяндауға біздің қолымызда әлі толық мағұлмат жоқ. Сөйтсе де, көп жұмыстың аты бар,заты жоқ екендігі кезі келгенде көрініп жүр.Сол үшін «Ақ жолдың» осы санында басылып отырған бір мұғалімнің хатын көрсетуден ұялмаймыз. Бұған қарағанда,қазақ-қырғыз арасындағы бастауыш мектептердің оқытушылары қандай екені байқалса керек.Біздің қырдағы мұғалім біткеннің көбі осындай екеніне шәк жоқ: мұнан сорақы болғанда не болмақшы?
Мұғалім Есболсын Бағымбайұғлының төменгі хаты бір харпі өзгерілместен басылып отыр. Хаттың маңызын, мағынасын, мұғалімнің білім дәрежесін, пікірін, оқушым, санаң болса, өзің-ақ аңғарарсың. Бұл мұғалім не жазды деңіз:
«– Ноғай мешіттерінде қадімше оқыдым.
– Онан кейін жадидше оқыдым
– Халал-әрамды айырамын.
– Жақсы орташа білімім бар 
– Сексеуіл стансасында мешіт салып берсеңіз екен.
– Ол мешітке өзімді имам қылып сайласаңыз екен...»
Міне, жаңа заманның жаңаша оқытатын, жаңа пікірлі «жақсы орташа білімі бар» мұғалімнің түрі.
Мұндай мұғалімдердің ешнарсе көрмеген жас балаларға беретін ілімі, тәрбиесі, пікірі қандай болмақ керек? Бәлки, халық ағартушы мекемелер: бұлар балаларға «халал-әрамды айыртар», «жақсы орташа ілім үйретер, Сексеуіл мешітіне имам болса, дін тәрбиесінен оқушыларды мақұрым қалдырмас деп ойлайтын шығар. Иә болмаса, бұрынғыларша, «біздің балаға осы молданың да оқуы жетер» дейтін шығар. Бұлай ойласа дұрыс. Бірақ біз басқаша ойлаймыз. » 
М-ияр. 
«Ақ жол», 2февраль1921ж., 
Міржақып Дулатұлының пікірі міне осыған саяды. Ол молданың ескіше сабағы заман ырқына ере алмай, жолда қалдыратынын біліп жаңашылдыққа бет бұру қажеттігін айтады. Сол кездегі «Алаш» қайраткерлерінің білімге жасаған үлкен қамқорлығы үшін бүгінгі ұрпақ қарыздар.
Бұл хат 1921 жылы жарияланған. Сол кездің өзінде жаңа заманның жаңаша мұғалімі деген сөздер айтылған. Онан бері қаншама уақыт өтті. Жаңару мен жаңғырудың қай заманда да қоғамды алға жетелеп, үздіксіз жүріп отыратын үдеріс екенін анық аңғарамыз. Бұдан Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Өндірістік революция» «Тарихи сана» секілді идеялары Алаш арыстарының ойымен үндес екенін көруге болады. Сондықтан, жаңашылдық пен жасампаздық мемлекет дамуының кілті дегім келеді.
Дархан ӘБЖӘМИЕВ,
№87 орта мектеп мұғалімі.
Сексеуіл кенті. 
28 ақпан 2018 ж. 2 713 0