Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Телеарналар ұлтты тәрбиелеуі тиіс

Телеарналар ұлтты тәрбиелеуі тиіс

Сары бала, қара қазанның қамымен күнделікті күйбең тірлікте біз көп нәрсеге аса мән бере бермейді екенбіз. Неге дейсіз бе? Төріңізде тұрған көгілдір экран жайында бір сәт ойланып көріңізші. Біз әдетте тіршіліктің қалың  шаңынан бір сәт арылғымыз келіп,  жеңілдеу мақсатында әлгі теледидарға еріксіз телміріп жатамыз. Түрлі қызықты бағдарламалар мен өзге елдің мәдениеті мен тұрмысын дәріптейтін сериалдарды көріп отырып-ақ, уақыттың қалай зымырап өткенін де байқай бермейді екенбіз. Құдды есірткіге тәуелді адам секілді әлгі теледидарға кіріп кетердей болатынымыз сырт көзге оғаш көрінер әсте. Әйтсе де, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Кино кейіпкерлері күлсе күлеміз, жыласа жылайтынымыз тағы бар. Қалай десек те, көгілдір экран мәдениетіне көп көңіл бөле бермейтін кей көрермендер осы бір дүниені өздеріне бағыт-бағдар етіп алған. Көбіне көк жәшікті жаңалықтың жаршысы деп емес, көңіл сергітуге керек дүние деп қабылдайды. Алайда, көзі қарақты көрермен дүкеннен өзіне керек затты алатын секілді, теледидардан да пайдалы бағдарламаны қараса дейміз. Өйткені, қазіргі таңда ұлтты тәрбиелеп жатқан осы теледидар. Ал, онда көрсетілетін бағдарламаның да айтуға тұрарлығы бар. Әйтпесе, қайдағы жоқ жарнамалар мен пайдасынан зияны көп бағдарламалар зығырданыңды қайнатады. Иә, бүгінде теледидар біз тұрмақ, бүкіл әлемнің, миллиарттаған адамның күнделікті бір бөлігіне айналып үлгірген. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көк жәшіктің алдында отырады. Әрбір үйдің төрінен ойып орын алатын көгілдір экранның жарқ-жұрқ еткен сәулесі бүгінде небір жалынды жастың жігерін жасытып жатыр десеңізші. Бірақ, олар адамның ойына кері әсерін беретін кереғар көріністерге өздерінің тәуелді екенін байқай бермейді. Нәтижесінде, жастайынан жүйке жүйесі сыр беріп, қисық қорытынды шығарып жатады. Осы ретте, ұл-қызды емес, ұлтты тәрбиелеп жатқан өзге елдің мәдениеті мен тұрмысын әспеттейтін сериалдар жайында сөз қозғап көрелікші.
Қазір ғаламторды ашып қалса, теледидарды басып қалса алдымен көзге көрінетіні түрік пен үндінің таусылып болмас мән-мағынасыз сериалдары самсап жатыр. Патша көңіліңіз білсін, таңдаңыз да қарай беріңіз. Сондағы берер тәрбиесі махаббаттан баз кешкен ғашықтардың қайғы-мұңға толы оқиғалары немесе пұтқа табынатындардың пәтуасыз тірлігі. Ал, бұл көрініс қазаққа қаншалықты қажет?! Осындайда немерелерін жанына алып, өткен өмірін оларға өнеге етіп отырған ата-әжелеріміздің бейнесін аңсайтынымыз рас. Ол өз алдына. Сол сериалдардың қызық жеріне келгенде үзіп жіберіп көрсететін сансыз жарнамалардың да сапасы сын көтермейді. Тіпті, кейбіреулерін келіннің жанында атасы, қайнағаның жанында келіні көруге қымсынады. Сондайда олардың кірерге тесік таппай қалатыны айтпаса да түсінікті ғой.
Заманында Мөңке би бабамыз: «...Қарап тұрған жігітке қыз артылар» деп қазіргі заманның боямасыз көрінісін дөп басып айтқандай. Рас, қазіргі таңда жарияға жар салып, қыз іздейтін немесе жігіт іздейтін ұл-қыздарымыз көбейіп барады. Оны өзіңіз көгілдір экран арқылы көріп те жүрген боларсыз. Бір ғана мысалды келтірер болсақ, еліміздегі «Еуразия» арнасындағы «Қалаулым» бағдарламасы біз айтқан әлгі көріністің айқын дәлелі. Өрімдей қыздың халық алдына шығып, өз қалауын іздегенін немесе таңдағанын қашан көрдіңіз?! Ата-бабаларымыз қызды былай қойғанда, ұлдың өзін ұятқа бастайтын тірлікке бастырмаған. Бүгінде бәрі керісінше. Қазіргі қызды аталары айтып кеткен әлгі қырық тыйым да отбасы, ошақ қасындағы оғаш қылық та қызықтырмайды. Бұл да сөзсіз әлгі аталған бағдарламада кей кездері көрініс табатындай. Өкініштісі, осындай көріністерді енді өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ көк жәшік арқылы көріп тамашалап отыр. Сөз соңында айтарымыз, бабаларымыз «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деуші еді. Сол сөзді уақыт ағымына бейімдеп, «Ел боламын десең экраныңды түзе» дегіміз келеді.
Ж. Қуанышбаев.
13 ақпан 2018 ж. 1 321 0