Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәңгүрттену марсельезасы

Мәңгүрттену марсельезасы

«Арақ ішпейтін екі-ақ адам бар, оның да біреуі-өлген, біреуі әлі туған жоқ»,-деген тәмсіл бар. Арақ-шараптың қаншалықты індет екенін осы бір сөзден бағамдай берсек болатындай. Негізінде, жаман әдеттерге ұсақ-түйек деген сөз жүрмейді. Аз ба, көп пе, мейлі, ол-жаман әдет! Темекіден-арақ қауіпті, арақтан-есірткі қатерлі! Есірткі-ұлтты мәңгүрттендіру машинасының бір тетігі секілді. Есірткілікке байланысты бірер ой қозғасақ қалай? Жалпы, бізді алда не күтіп тұр?!
Есірткі саудасы-біріншіден, әлемдік проблема екенін айтып өткеніміз жөн. Сосын, ібілістің улы тұзағы іспетті осы бір есірткінің ұлтты қалай жоқ қылып, қоғамды қалай тоздырып жіберетінін біле жүргеніңіз дұрыс. Темекі- ішімдік-есірткі. Бірінен-бірі өткен сұмдық. «Тек қана темекінің кесірінен жыл сайын екі миллионның үстінде адам дүние салса, есірткіден 48 миллион адам өледі. Дәлірек айтсақ, өлмейді-опат болады. Иә, иә, опат болады! Бұл не деген сөз?! Бұл-жыл сайын, шамамен алғанда бір Франция сияқты үлкен ел құрып отырады деген сөз! Бейбіт өмір деуге ауыз бармас, дүниежүзілік соғыс іспетті сойқан!»-дейді Қадір аға «Жазмышында».
Есірткінің түбі-өлім! Өлім болғанда да жаман өлім! Өз тарихында басынан екі рет «Апиын соғысын» өткерген ел-Қытай елі. Шын мәнінде, есірткі өндірісінің ірі-ірі ошағы осы-аспан асты еліне тиесілі екен. Есірмендердің көбейіп, халықтың тең жарымы бәңгілер қатарына қосылып, ұлттың сапасы күрт нашарлап кеткеніне қатты шошынған сол елдің басшысы: «Егер біз есірткінің түбіне жетпесек, ол біздің түбімізге жетіп тынады!»-деп байбалам салыпты.
Былайша айтқанда, темекі-арақ-есірткі-осы бір кесір-кесапатты үштаған ұлттың тоз-тозын шығара алатын күшке ие қару! Қару болғанда-қауіпті қару! Ешқандай мылтықтан оқ атып, оқтап жатудың қажеті жоқ қару! Отаршыл елдер бұратана халықтардың еңсесін түсіріп, ертерек мәңгүрттендіру үшін бұл қаруларды сұмдық қатты пайдаланады. Орыс отаршылдары Сібір халықтарын, негізінен, алкогольмен ойсыратты. Олардың көбі енді қайтіп ұлт болмайды. Осы бір арақ дейтін әзәзілдің біздің ұлттың да потенциалын қалай күйретіп кеткенін сіз де ұғына аласыз. Соның зардабы әлі күнге дейін Сібірдің суық желіндей есіп тұрған жоқ па?!
Өмірде не болмайды демекші, тарих не көрмеген?! Бір адам, бір ауыл, тіпті, бір қаланың түгелдей құрып кеткенін естуші ек, бүтіндей бір халық, бір ұлт ізім-ғайым жоғалып кетеді деген не сұмдық?! Рас! Есірткі-көзге көрінбейтін, дауысы естілмейтін алып атом бомбасы! Үлкен трагедия! Есірткінің уыты-өлім, я мәңгүрттенген тобырларды үсті-үстіне шығаратын алып шеберхана! Жаман айтпай жақсы жоқ! Мәңгүрттену марсельезасын марштап өңкей есірмендер мен бәңгілер бізге де жетіп кеп тұрмасын. Құтылудың жолы-есірткіге қарсы саналы түрдегі қоғамдық қарсылық мәдениетін қалыптастырған да ғана, бұл жеті басты жалмауызды қылтадан қиып түсуге болады!
Дархан Аманжолұлы,
№220 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
09 қаңтар 2018 ж. 1 983 0