Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрт қазақтың қадірлі асы

Құрт қазақтың қадірлі асы

Қазақ халқы ұлттық тағамға өте бай ел. Ертеде ата-бабаларымыз амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп сұрайтын. Осы бір ауыз сөздің өзінен-ақ қазақ өмірінде малдың орны ерекше екенін ойлауға болады. Малдың өнімінсіз әлі де күн көру қиын. Малдың етін айтпағанда, сүт және одан өндірілетін тағамдарсыз, жүн, тері және олардан жасалатын бұйымдарсыз қазіргі адамзат өмірін көз алдыңа елестету мүмкін емес. Мал және онан алынатын өнімдер қазақтың басты байлық қоры. Соның ішінде ұлттық тағамдарының негізгі көзі болып табылатын сүттің орны бір бөлек. Сүт — химиялық құрамы жағынан тамаша тағам. Оның құрамында адам ағзасының қалыпты жетілуі үшін барлық зат бар. Сүт тағамдарын халық бір сөзбен ақ деп атайды. Ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі – ақ екені белгілі. «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Қазақ халқының сүттен жасалған ұлттық тағам ретінде кеңінен қолданатын тағамының өте көне түрінің бірі – құрт.
Құртты ежелгі замандарда қалыптасып дамып, бүгінгі күндерге дейін өз қасиетін жоғалтпай, жақсы сақталған ұлттық тағам ретінде пайдаланып келеміз. Халқымыздың бүгінгі күні бізге жеткен құртының түрі көп. Құрт күнделікті өмірде тағамның бір түрі ретінде немесе басқа тағамдардың дәмін келтіру үшін қолданылатын тағам десек те болады. Құрт – сөзінің мағынасы да құрғатылған, кептірілген сүт деген мағынаны береді. Бұл тағам ақуыздарға өте бай, адам денсаулығына өте пайдалы. Қалтаға салып жүруге өте ыңғайлы. Бір қап шекілдеуікпен бірдей. Көшпенді халықтардың негізгі тағамдары болғандықтан, жеңіл болуы да ескерілген. Көлемі кішірейсе де, құрамындағы дәрумендер мөлшері сол күйінде қалады. Қыр баласы жолда кетіп бара жатып қарны ашса, қалтасынан құрт алып жейді. Осылайша түстеніп алады десек те болады. Кейбір адам құртты "аштықтан құтқаратын дәрі" деп те атайды. Ал сорпаны қаласақ, бірнеше құртты суға езіп ішуге болады. Оның жүрек айнығанда көмектесу қасиеті бар.
Құрттың адам денсаулығына өте пайдалы екенін бұрынғы ата-бабаларымыз біліп, құртты үнемі пайдаланған екен. Мал бағуға кеткенде қалталарына құрт салып алған және күнделікті тағамдарға қосып ішкен немесе құртты езіп ішкен. Сондықтан ол кісілер көп ауырмаған, дәрі-дәрмек пайдаланбаған. Ертеректе тіс дәрігері де болмаған, ата-бабаларымыздың тістері ауырмаған. Атап айтқанда, адамның тісінің қалыптасуына құрттың пайдасы зор екен. Құрт, ірімшік жеп, қымыз, айран, сүт ішкен баланың денсаулығы мықты болады екен. Құртты адам алыс сапарға шыққанда пайдаланса қарны ашпайды, шөлдемейді, ал ұшақпен ұшқанда құрт құлақтың бітпеуіне және жүрек айнымауына көп ықпал етеді екен. Сонымен қатар құрт дәрумендерге бай, адамның ас қорытуында әсері өте жоғары, атап айтсақ, кейбір ас қорытуға арналған дәрілерге пара-пар сияқты. Ал қыста құртты езіп ішсең ол тамаша қорек болады, әрі адам суыққа тоңбайды екен. «Құрт – қыстың қымызы» дейтіні сондықтан болса керек. Қазақ ырымы бойынша кеппеген құртты жеуге, алуға болмайды. Егер өреден құрт алып жесе, жауын жауады деген ырым бар. Сонымен қатар құртта А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, алюминий микроэлементтері жетерлік.
Қазақ халқының, яғни біздің аналарымыз тағамның түр-түрін жасап, оның бабын да жақсы таба білетін. Мәселен, аналарымыз бір ғана сүттің өзінен түрлі тағам жасай білген. Ал сол сүттен жасалынатын құрттың өзі жасалу жолына қарай сан түрге бөлінеді. Мәселен, құрт: жас құрт, көбік құрт, ыстық құрт, сықпа құрт немесе сүзбе құрт, малта құрт, езген құрт, ақ малта, ұнтақ құрт, ақ құрт, қара құрт, құрт май, ежегей немесе ежегей құрт деген түрлерге бөлінеді.
Қорыта келгенде, құрт – адам денсаулығына қажетті құнды тағамның түрі. Бұл ұлттық тағамның адам денсаулығына пайдасы өте зор.

А. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
05 қаңтар 2023 ж. 691 0