Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жантақ – малға азық, жанға дауа

Жантақ – малға азық, жанға дауа

Жантақ өсімдігі шөл-шөлейт жерлерде өседі. Оның алуан түрі бар. Мәселен, Америка шөлінде жеті түрі, ТМД елдерінде 5 түрі, Қазақстанда 4 түрін кездестіруге болады. Қазақстанда көбіне Каспий, Арал, Ембі, Ертіс, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Мойынқұм, Іле-шу, Балқаш-Алакөл аймақтарында өседі. Қазақстанның Оңтүстік және Орталық аймақтарында қырғыз жантағы, және сирек жапырақты жантақ түрі, ал республикамыздың батыс бөлігінде парсы жантағы көп кездеседі. Бұл өсімдік тек малға ғана азық емес, оның адамды дертінен айықтыратын емдік қасиеті де бар.

Емдік қасиеті
Жантақ өсімдігінің емдік қасиеттерін халқымыз ерте заманнан-ақ пайдаланып келген. Жантақ шөбінің тамыры да оның сабағы мен масақтарының да емдік қасиеттері мол. Жантақ өсімдігінің құрамында С витамині каротин, эфир майлары, гликозидтер, фловоноид сапонин заттары, қант, суда еритін органикалық заттар С және К дәрумендері, бояғыш заттар және шайыр кездеседі.Медицина саласында жантақтың жер бетіндегі бөлігі пайдаланылады. Жантақ сабақтарын құрғатып, ұнтақ күйінде дәрілік препараттар жасайды. Жемісі мен тамырынан дәрі-дәрмек өндіреді. Жантақтың іш жүргізетін, несеп айдайтын, тер шығаратын, өт жүргізетін және қабынуға қарсы әсер ететін қасиеттері бар. Жантақ өсімдігінің жапырақтары мен бұтақтарынан жасалған тұнбаны жөтел басатын дәрі ретінде және бүйрекке, қуыққа тас байланғанда пайдаланады. Жантақтың тамырынан жасалған дәрілер геморой түйіндерін, дене сыртындағы жарақаттарды емдеу үшін қолданылады.
Жантақтың жаңа гүлдеген кезінде гүлін жинап алып суға қайнатып, асқазан, ішек ауруларына қарсы ішеді. Жантақтың тамырын да суға қайнатып тізе, буын ауруларына, жүрек соғысы нашарланғанда және тамақ ауруларына да ем ретінде пайдаланылады. Халық емшісі Асхат Қабыл қазіргі таңда жантақтан түрлі тұнбалар әзірлеп ем ретінде пайдаланып отырғанын айтады.
– Мен кәсіби дәрігер емеспін. Сондықтан жантақты ғылыми тұрғыдан зерттеп дәрі дәрмек дайындап жүрмін десем әбестік болар. Біз кәдімгі халық емімен емдейміз. Әжелермізі айтқан емді қолданамыз. Жантақтың адам ағзасына пайзасы көп. Сондықтан одан емдік қасиеті бар тұнба дайындауға болады. Мысалы, 20 грамм тамыр үгітіндісін 300 г қайнап тұрған суға салып, жабық ыдыста 30 минут бұқтырып, сүзіп, ас алдында әр жолы 3 ас қасықтан, күніне 3 рет ішеді. Мұны бүйректе тас-құм байланса, жүрек қызметінің нашарлауынан денеге ісік шықса, ас алдында бір ас қасықтан ішеді. Күніне үш рет. Жантақтан қайнатпа жасайды. Ангина, экземаларды, әйел адамдардың спецификалық ауыруларына қарсы, асқазан язвасына қолданылады, – деді.
Сондай-ақ, жантақтың суыққа қарсы, ыстық түсіретін, жөтелді басатын, жараның аузын жиыратын, зәр айдайтын, іш қатуын болдырмайтын қасиеттері де бар екен. Бұған қоса, жатыр мойнының эрозиясы, іріңді отит кезінде жантақ ваннасын қабылдау керек екен. Дегенмен мұндай емдерді пайдаланбас бұрын емдеуші дәрігеріңіздің кеңесін алғаныңыз дұрыс.
Жантақ өсімдігі – малдың таптырмас азығы
Жантақ өсімдігі ыстық пен жартылай шөлейт, құмды климатта өсетін болғандықтан қолайсыз ауа райының өзінде өзі тұқымын түзуге өте бейімді келеді. Жантақ шөл және шөлейт далаларда өмір сүретін жануарлардың азығы болып саналады. Далалық жердің топырағының құнарлылығы мен эрозияға ұшырау дәрежесі тікелей жантақ өсімдігінің жамылғысына тәуелді. Сондықтан да жантақ өсімдігінің табиғаттағы орны ерекше. Ара жәндіктері жантақтың гүлдерінен бал жинайды. Оның дәмі кермектеу болады. Адам ағзасы үшін әсіресе жантақ гүлінен жиналған балдың маңызы зор. Жоғарыда айтып өткендей жантақ – түйе малының сүйіп жейтін азығы. Қой мен ешкі де бұл өсімдікті сүйіп жейді. Үнемі жантақ өсімдігімен қоректенген ұсақ малдарды қосымша емдеудің қажеті жоқ. Олар жемдеген малдан бетер қоңды болып, еті өте дәмді болады. Сондақтан ауылдық жерлердің тұрғындары мал азығы үшін көбісі жантақ өсімдігін гүлдеп, дән байлаған кезде орып, малға қыстық азық үшін жинап алады.
Халық медицинасында дәрілік шөптерді қолдану кейінгі кезеңде етек алды.Олардың ішінде халық арасында емдік қасиеті үшін көптеген ауруларға қолданатын жантақ өсімдігінің тек адам өмірінде ғана емес ауыл шаруашылығының саласын өркендетуге де пайдасы бар. Біз сөз етіп отырған жантақ өсімдігі біздің өңірдің экологиялық жүйесін қорғауда да маңызы зор.
Қорыта айтқанда жантақ өсімдігінің қасиеттері – табиғат сыйы. Оны орынды пайдалану – біздің міндетіміз.

Назерке МАРАТ
27 сәуір 2021 ж. 25 852 0