Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалампырдың пайдасы қандай?

Қалампырдың пайдасы қандай?

Кез келген үйдің ас бөлмесінен табылатын дәмдеуіштің бірі – қалампыр. Оның шайдың шырайын келтірер жұпар иісінен бөлек, емдік қасиетінің де орасан екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл ежелден емдік мақсатта бірнеше дертке шипа ретінде қолданылып та келеді.
Қалампырдың біржылдық және көпжылдық сұрпы аз емес. Оның Азияда, Африкада, Еуропада шөп және бұта болып өсетін 300-дей түрі бар. Солардан бұрынғы КСРО жерінде шығатыны – 80-ге жетеді. Өсімдік топтанып өседі. Гүлінен эфир майы алынады. Қалампырдың бірнеше түрі декорация ретінде теплицаларда, құмыраларда өсіріледі. Кейде шала бұта түрінде де кездеседі. Қазақстанның далалық аймақтарында, су алабындағы шалғындарда, тасты төбе баурайында, шалғынды тау бөктерінде 29 түрі кездеседі. Бойының биіктігі 15 – 50 сантиметрдей, жапырағы таспа немесе қандауыр тәрізді болады. Емдік мақсатта өсімдіктің жер үстіндегі бөлігін гүлдеп тұрған кезінде жинайды.
Қалампырдың емдік қасиеті жоғары. Халықтық емде тұнба, қайнатпа ретінде қолданылады. Тұнба үшін бір қасық қалампырды бір литр қайнаған суға салып, тұндырып қоясыз. Шамамен жарты сағат өткен соң тұнбаны сүзіп алып, ем ретінде қолдануға болады. Ауыз қуысы ауруларын емдеуге қабілетті. Нақтырақ айтқанда, ауыз уылғанда, кариес түскенде, ауыздан жағымсыз иіс шыға бастағанда қалампырдың көмегіне жүгініңіз. Ем үшін 1 тал қалампырды аузыңызға салып, 15 минуттай шайнайсыз. Емді 1-2 рет қайталаған соң-ақ оң нәтиже береді. Қан қысымыңыз түсіп кетсе, аузыңызға дереу қалампырды салыңыз. 1-2 дана қалампырмен 10 минуттың ішінде қан қысымын қалпына келтіресіз. Тамағыңыз ауыра бастағанда, ангина кезінде, бадамша без қабынғанда қалампыр тұнбасының көмегіне жүгініңіз. Күніне 2 рет тамағыңызды шайсаңыз, ауруыңыздан тез-ақ жазыласыз. XIII ғасырдың өзінде қалампырды ауыз қуысының ауырсынуын басуға қолданған. Оған себепші – оның құрамындағы эвгенол заты. Сондықтан күнделікті тіс тазартуға құрамында эвгенолы бар немесе қалампыр сығындысы бар тіс пастасын қолдануға болады. Тісіңіз қатты ауырса, қалампырдан мынадай дәрі жасауға болады: әйнек ыдысқа 0,5 шай қасық қалампыр ұнтағын 0,5 шай қасық кокос майымен араластырыңыз. Осы қоспаны тіс щеткамен ауырған тіске салыңыз. Оны күніне 3 рет қолдана аласыз.
Сондай-ақ қалампыр майы денедегі жарақат пен іріңді бөртпенің ізін қалдырмай жазады. Майды дайындау үшін 100 мл зәйтүн майы мен 10 грам дәмдеуішті араластырасыз. Оны орташа отқа қойып, қайнауға дейін жеткізіңіз. Дайын болған майды сүзіп алып, шыны ыдысқа құйыңыз. Емдік майды мейлінше тоңазытқышта сақтағаныңыз дұрыс. Буын ауруларын да қалампыр майымен емдеген тиімді. Алдымен майды қыздырып аласыз. Сосын ауырған орынға сіңдіріп жағыңыз. Сыртынан жылы орап, 5-10 минуттай тынығып жату керек. Ал сыздауық шығып, жаныңызға батса, онда теріңізді қалампыр тұнбасымен сүртіңіз. Қант диабетімен ауыратындарға қалампыр тұнбасын ішуге кеңес береміз. Бұл да өз кезегінде дертіңізге дауа болып, саулығыңызды сақтауға көмектеседі. Қалампыр антисептикалық және ауруды сездіртпейтін қасиеттері арқылы салқын тию мен тұмау кезінде тез сауығуыңызға септігін тигізеді.
Дайындаған
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
https://qazaly.kz/kogam/


09 маусым 2020 ж. 12 594 0