Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адыраспанның емдік қасиеті

Адыраспанның емдік қасиеті

Адыраспан – терең тамырлы көп жылдық өсімдік. Қазақстанның шөлейтті, сортаңды жерлерінде өседі. Сабы мен гүлінде у болады. Ол сасық иісті, дәрілік шөп болып саналады. Биіктігі – 30-80 см. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда өседі. Қазақстанда оның үш түрі бар. Шындығында, бұл өсімдіктің емге жарар тұсы көп. Бірақ  коронавирусты тоқтата ала ма?
Адыраспан халық арасында "белобок", "исрык", "бибик", "адыраспан", "испанд", "хазориспанд", "исирик", "хармаль" және тағы басқа атаулармен таныс. Ол Орталық Азияда, Ресейдің Еуропа бөлігінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік Еуропада, Солтүтік Африкада, Таяу Шығыс пен Моңғолияда, Қытайда өседі. Адыраспанның бұтағы, жапырағы мен гүлі емдік мақсатқа пайдаланылады. Атақты ғалым, дәрігер Әбу Әли ибн Сина оны сегізкөз қабынған кезде шаншуды басатын дәрі ретінде қолданыпты.
Халық емшілері адыраспанды ревматизм, қышыма және басқа да тері ауруларын емдеуге пайдаланады. Оның шөбінен қайнатып жасалған тұнба суық тигенде, безгек ауруларына, нерв жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болып саналады. Адамдар оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді әрі жұқпалы сырқаты бар адам жатқан бөлмені залалсыздандырады.
Адамдар ежелден адыраспанның ұрығын зығыр тұқымымен қосып, демікпені емдеген. Адыраспанды мыңжапырақ гүлдерімен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатады да, онымен асқазан сөлінің азаюын, яғни гипоацид гастритін емдейді. Аталған шөптің қайнатындысы мен тұнбасы ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға, тер шығаруға көмектеседі. Тұнбасы суық тигенде пайдаланылады. Ал қайнатындысы ауыз қуысы мен тамаққа суық тигенде ауыз шаюға, басқа да шөптермен қосып аяқты жууға қолданылады. Адамның буыны сырқыраудан, аяқ-қолы қақсаудан емдеу үшін адыраспанды қайнатып, сол сумен ауырған мүшені үш мәрте булайды. Жел-құздан қозған буын ауруын емдеу үшін адыраспанның жас сабағын  қиып алып жаншып, буынға тарту керек. Малдың қотырын адыраспанды қайнатып жуған. Көп жағдайда суық тиіп, ауру басталғанда адамның денесі мұздап, қалтырап берекесі кетеді. Сол кезде адыраспанның қайнатпасын ішсе, ауруды жеңілдетеді.
Адыраспанды зерттеу барысында оның құрамында гармалин бар екені анықталған. Ол – антидепрессант. Дәрігерлер адыраспан жүрек қағысын тұрақтандырып, оның құрамындағы гармалиннің гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына қарсы тиімді күреседі дейді. Сондай-ақ ол сал ауруы мен Паркинсонді емдеуде қолданылады. Бұл шөптің құрамындағы пеганин демікпені емдеуде оң әсерін береді. Адыраспандағы дезоксипеганин гидрохлориді іш жүргізетін дәрі ретінде қолданылады. Бұдан бөлек, невралгия, миопия және басқа жүйке ауруларын емдеуге қолданылады.
Шығыс, қазақ халқы ұғымында "адыраспанның киесі бар" деп, аяқ астына тастамаған. Бәле-жәледен сақтайды деп кереге басына іліп қойған. Ал жаңа үйге кірерде босағаға "жын-шайтан мүлдем жоламасын" деп адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, үйді аластайтын болған. Халықтың емдік шөппен үй ауасын тазартуы көңілге қонымды.
Сонымен бірге қолөнерде адыраспанды ұзақ қайнатып, күрең қызыл бояу алған. Ауыл әйелдері бірігіп текемет басқанда, киіздің  қасына көз тимесін деп адыраспан және қызыл түсті мата төсеген. Алайда адыраспан – улы өсімдік. Ашыққан кезде сиыр мен жылқы жеп, тыныстары тарылып, уланған сәттері тіркелген.
Коронавирустың симптомдары қарапайым тұмаудың белгілеріне ұқсас болса да, шөп оны жойып жібереді деген сөз емес. Оның үстіне, ғалымдар адыраспанды коронавирусты жеңе алатын әдіс ретінде санамайды. Бірақ дала шөбінің иммундық жүйе жұмысын жақсартуға, кейбір инфекциялық жеңіл ауруларды жоюға қауқарлы екенін жоққа шығармайды.
Жүздеген жылдар бойы ата-бабамыз қолданыста ұстаған, дертіне дауа болған адыраспанның жоғарыда аталған сырқаттарға пайдасы бары ақиқат. Бірақ осы сәттегі пандемияның алдын алуда тазалық пен жеке бас гигенасын сақтаудан асқан профилактика жоқ екені дәлелденіп отыр.
Майрамкүл ХАКИМОВА,
медицина саласының ардагері
16 сәуір 2021 ж. 10 693 0