Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір тапсырма уақытылы орындалуы тиіс

Әрбір тапсырма уақытылы орындалуы тиіс

Үкімет отырысында өткен жиынның күн тәртібінде құрылыс саласын және трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері көтерілген болатын. Облыс әкмінің жиналысынан кейін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен осы мәселелерге қатысты әкімдік мәжілісі өтті.

Аудан әкімі ең алдымен келер жылы ауданда өтетін саяси наухандарға қатысты тыңғылықты жұмыстарды үйлестіру жөнінде жауапты бөлім басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Сондай-ақ ауданда жыл соңына дейін пайдалануға берілетін нысандардың құрылысын сапалы аяқтап, уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Мұнан соң аудан аумағындағы тазалық мәселесін назарға алып, Арал қаласы мен Сексеуіл кенті бойынша тазалық жұмыстары әлі де көңіл көншітпейтінін жеткізді. Кемшіліктерді арнайы слайд арқылы көрсетіп, қала, кент әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы қаржы игеру мәселесіне де терең тоқталды.

– Жыл соңы таяғандықтан қаржы игеруге қатысты жұмыстарды ұдайы бақылауға алу керек. Сын сағаты таяғанда түрлі сылтауларды желеу етіп, жауапкершіліктен қашуға жол берілмейді. Сондықтан қаржылық мәселеде өз жұмыстарыңызға мұқият болыңыздар. Қазіргі таңда аудан әкімі аппаратымен дербес бөлімдердің атқарған жұмыстарына талдау жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңізге жүктелген міндеттерді мінсіз атқарыңыздар, – деді аудан әкімі.

Алда келе жатқан мерекелік шараларды да лайықты деңгейде өткеру, аудандағы қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты түрде бақылауда ұстау мәселесін назарға алды.

Жиын соңында аудан әкімі А.Оңғарбаев айтылған тапсырмалардың уақытылы орындалуы қатаң сұралатынын айтып, әр мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

11 желтоқсан 2024 ж. 77 0