Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Премьер-Министр кеңесшісі Ермек Маржықпаев құрылыс нысандарын аралады

Премьер-Министр кеңесшісі Ермек Маржықпаев құрылыс нысандарын аралады

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен сол жағалаудағы «Үстел теннисі орталығының» жұмысымен таныстырды.
Орталықтың құрылысы «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірге жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта орталықта 16 үстел теннисі алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар, 31 қызметкер жұмыс істейді.

Әрі қарай Премьер-министр кеңесшісі жаңа стадионның құрылыс барысын,бас мердігер «ВД строй-инжиниринг», бас жобалаушы «Жоба», техникалық қадағалаушы «Строй-проф» серіктестіктері атқарған жұмыстарды көрді. Стадион алдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ермек Маржықпаев шыны зауытының жұмысымен де танысты. Мұнда жылына 197,1 мың тонна шыны өндіріліп, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне экспортталады. Зауытта 373 маман еңбек етеді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Қызылорда Саз М» ЖШС қолға алған заманауи кірпіш зауытының құрылысымен таныстырды. Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 7 гектар жер телімі берілді. Құны 2,3 млрд теңге болатын зауытта жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады деген жоспар бар. Іргетасы жыл соңына дейін құйылып бітеді. Құрылыс алаңында 20 жұмысшы, 11 техника жұмыс жасауда. Зауытқа қажетті қондырғылар осы айда түгел жеткізіліп, алдағы жылдың ақпан айында монтаждалады. Бұл зауыттың басқалардан ерекшелігі – өндіріс толығымен автоматтандырылған.

Премьер-министр кеңесшісі барған келесі нысан – жаңа жылу-электр орталығының құрылыс алаңы. Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасымен қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Оған «Акса Энерджи» түрік компаниясы 127 млрд.теңге инвестиция салды. Орталық келер жылдың қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Пайдалануға берілгеннен кейін 773 қызметкер озық технологиялармен жабдықталған заманауи ғимаратта жұмыс істейтін болады.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы Қызылорда қаласындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшесін жаңғырту барысымен таныстырды. Ұзындығы 6,71 шақырым, ені 14 метр төрт жолақты жолды «УАД» ЖШС жаңғыртуда. Техникалық қадағалаушысы «ЗКА Проект», авторлық қадағалаушысы «КБ МұнайГаз Инжиниринг» серіктестіктері.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 44 млрд. 703 млн теңгеге 300 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Облыс орталығының негізгі көшелері – әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, қалаға Шиеліден кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистральді көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілді. Қызылорда қаласында Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, Арал, Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен аспалы көпір құрылыстары жүруде.

Сонымен қатар жылдар бойы күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 140 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2026 жылы ел игілігіне беріледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

12 желтоқсан 2024 ж. 48 0