Жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Бірінші оқылымда Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша заң жобасын талқылайды. Бұл заң жобасы Президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатымен дайындалған. Заң жобасы отандық өндірісті дамыту, импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті азайту және жаңа өндірістерді локализациялау үшін ұсынылып отыр. Осы мақсатта «СТ-КZ» нысанындағы қолданыстағы сертификаттар мен индустриалды сертификатты ауыстыратын Қазақстаннан шыққан тауарлардың реестрін құру ұсынылады.
Екінші оқылымда депутаттар резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын талқылайды. Заң жобасымен жаңа әскери қызмет түрі – резервтегі қызмет енгізіледі. Бұл келісімшарт негізінде тұрғылықты жері бойынша ерікті түрде жүзеге асырылады және әскери дайындықты арттыру үшін резервтік күштерді құруды мақсат етеді.
Сонымен қатар депутаттар Түркия Республикасымен өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарайды. Мәжіліс кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы, экологиялық мәселелер бойынша және бірқатар халықаралық келісім бойынша ұсынылған заң жобаларын жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: egemen.kz